ХАЛЫҚТЫ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 64 ПАЙЫЗҒА КӨБЕЙЕДІ
Түркістандықтардың өмір сапасын жақсарту бағытында коммуналдық қызмет түрлерінің қолжетімді әрі сапалы болуы үлкен маңызға ие. Осы бағытта күнгейде бірқатар құрылыс жұмыстары қолға алынған.
Жуырда Түркістандағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Игорь Алексеев сол бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен нәтижесін баяндады.
Өткен жылғы көрсеткіш бойынша өңір халқының 57 пайызы газбен қамтылған болатын. Биыл бұл көрсеткішті 64 пайызға жеткізу межеленіп отыр. Осы мақсатта облыста 30 нысанның құрылысы жүруде. Оның 20-сының құрылысы осы жылы аяқталады. Қалғаны келер жылға өтпелі.
Басқарма басшысы Түркістан қаласындағы құрылысы аяқталған нысандар мен мөлтек аудандардағы тұрғындарды толығымен табиғи газға қосу жұмыстары қарқын алғанын да мәлімдеді.
Оның сөзінше халықты көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы үйге дейін газ тарту жұмысы 85-105 мың теңге аралығындағы сомма болып бекітілген. Сонымен қатар ол, өңірдің таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 80 пайызды құрайтынын жеткізді. Және де биыл облыста 155 елді мекен жаңа ауыз су жүйелерімен қамтылып, 195 елді мекендегі ауыз су жүйелері қайта жаңартылатынын айтты.
Сондай-ақ ол, биыл 30 мың тұрғын сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтылатынын мәлімдеді.