«ҚАЗПОШТА» АРҚЫЛЫ 94 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ЕСЕПШОТ АШҚАН
Коронавирус індетінің жұғуын алдын алуда алшақтықты сақтаудың аса маңыздылығы туралы кең насихат жұмыстары жүргізілгені белгілі. Бірақ оған құлақ аспай жатқандар көп. Оған банк бөлімшелері мен «Қазпошта» мекемелерінің алдында ұзын-сонар кезекте тұрған адамдардың иін тіресіп тұруы мысал болады. Өз кезегінде бұл аурудың тез таралып, індеттің белең алуын болдыруы мүмкін.
Осыған орай Түркістан облысы әкімдігінің тапсырмасымен өңірдегі банк бөлімшелері мен «Қазпошта» мекемелерінің алдында кезекке тұрған адамдардың алшақтықты сақтауы барынша қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тәртіп сақшылары мен еріктілер жұмылдырылды. Осы ретте зейнеткерлер кезек күтіп, артық жүдемес үшін олардың зейнетақылары үйлеріне жеткізіліп берілді.
Мұндай қолдауға Түркістан облысы бойынша барлығы 4525 зейнеткер ие болды. Оның 2361-і Түркістан қаласының тұрғындары. Бұл туралы «Қазпошта» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Бақытжан Ысқақ мәлімдеді.
Филиал директоры «Зейнетақыны тарату кезінде барлық қызметкер санитарлық талаптарға сай жабдықталды. Басқарма қызметкерлері, операторлар, хат тасушылар, сұрыптаушылар, көлік жүргізушілері мен инкассаторлардың барлығы дерлік бетперделер, қолғаптар және антисептиктермен қамтылды. Мүмкіндігі шектеулі және жасы 80-нен асқан азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақылары мекен-жайлары бойынша арнайы сақтық киіммен қамтылған мобильдік топпен жеткізілді. Зейнетақы алушылар да қызмет алу барысында бетперде киіп, адамдардың өзара 2 метр арақашықтықты сақтауы бақылауда болды»,-деді.
Сондай-ақ, Бақытжан Бекболатұлы «Қазпошта» АҚ Түркістан облысы бойынша филиалы 94208 азаматқа есепшот ашып, мемлекет тарапынан берілетін 42500 теңге жәрдемақыны алуына жағдай жасағанын атап өтті. Бүгінге дейін солардың 20 мыңнан астамы (15-сәуірдегі жағдай бойынша) тиісті қаражатын алған.