АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ШЕКТІ БАҒАДАН АСЫРҒАНДАРҒА ШАРА КӨРІЛЕДІ

 

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы сауды нысандары мен қоймаларында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қорының көлемі 30 мың тоннаға жуықтайды. Азық-түлік қоры жеткілікті екені сан рет айтылса да, тұрғындардың оны артық көлемде алуы толастар емес. Бұл төтенше жағдай режимін енгізіп, шектеу шараларын барынша күшейтіп жатқан коронавирус індетінің таралуымен байланысты.

Ал саудагерлер болса бұл жағдайды өз пайдасына жұмсап, тауарлар бағасын өсіруде. Мұндай жағдай халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осыған байланысты Түркістан облысында азық-түлік тауарларының шекті бағасы белгіленіп, бақылауға алынды.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы таратқан деректерге сәйкес күнгейде бір келі үшін бірінші сортты бидай ұны — 169 теңге, күріш 216 теңге, сиыр еті — 1910 теңге, қарақұмық жармасы — 327 теңге, ас тұзы — 49 теңге болып белгіленді. Ал он дана тауық жұмыртқасының құны 283 теңге болса, бір литр күнбағыс майы — 434 теңге болып нақтыланды.

Жергілікті билік сауда орындарының иелері мен кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы осы құннан көтерілмеуі керектігін қатаң ескертеді. Және бұл талап сақталуы үшін мамандар сауда орындарына тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізетінін жеткізеді.

Сондай-ақ, мониторинг жүргізуге тартылған мамандар жергілікті тұрғындардың да азық-түлік бағасының қымбаттауына жол бермеу шараларына белсенді қатысуға шақырады. Ол үшін азаматтар жоғарыда шекті бағалары белгіленген тауарлардың қымбатқа сатылып жатқанының куәсі болса www.dosmart.kz сайтына немесе https://t.me/consumerprotectionKZ телеграмм арнасы арқылы тиісті органға қажетті ақпараттар қалдыруына болады. Яғни, аталған жүйелерде көрсетілген жолға дүкен атауы, тауар және сату бағасы, аты-жөніңіз, телефон нөміріңізды көрсетсеңіз жеткілікті.

Сондай-ақ, жергілікті әкімдікке тікелей хабарласып, мән-жайды жеткізуге болады.

Айта кетейік, азық-түлік бағасының көтерілмеуіне байланысты мұндай жұмыстар ҚР Сауда және интеграция министрлігі, Ауылшаруашылығы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігі бірлесе шығарған бұйрық негізінде атқарылуда. Аталған бұйрықта «Қазақстан Республикасында төтенше жағдай кезеңіндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағалары енгізілсін» делінген. Сондай-ақ, бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау ҚР сауда және интеграция, ауыл шаруашылығы және ұлттық экономика вице-министрлеріне жүктелетіні көрсетілген.