ТӨЛ ӨНЕР – ТАБЫС ТАБУҒА ЖОЛ АШАДЫ

Шымкентте тұңғыш рет «Көрпе FEST» фестивалі өткізілді. Аптаның сәрсенбісінде басталған шара екі күнге жалғасып, бүгін қорытындыланады. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілген іс-шара аясында 300 қыз- келіншек тігін және қолданбалы өнерді тегін үйренеді. Оларға «Құрмет» ордененің иегері, «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы Ырза Тұрсынзада шеберлік сабақтарын өткізеді.

Осылайша ине мен жіпті жанына серік еткен нәзік жандылар, қолөнерді заманауи технология тілімен үндестіріп ісін өрге сүйреп жүрген Ырза Тұрсынзада арқылы мүмкіндіктерін молайтуға қол жеткізетін болады.
Көрме-байқау жеңімпаздары мен семинарға қатысушыларға сертификат және «Аманат» сыйлығы тапсырылады. Өз кезегінде Ырза Тұрсынзада бұл шара әйелдердің шеберлігін арттырып қана қоймай, олардың бойына ерекше сенімділік дарытып, жаңа іске бет бұруына, соның негізінде қалада жұмыссыздықтың азаюына жол ашады деп сенеді. Бұл туралы ол «Әйел қоғамға, отбасыға пайда әкелетін іспен айналысуы керек. Құрақ құрау әйел адамды сабырлы, көркем мінезді болуға тәрбиелейді. Әртүрлі нақышта тігін тігу арқылы әйелдің шынайы болмысы қалыптасады. «Көрпе — фест» шарасы көп балалы аналардың отбасының басы-қасында, балаларының ортасында болып-ақ, өзінің сүйікті ісімен айналысуына және табыс табуына үлкен жол ашады»,- деп пікір білдірді.