МЕКТЕПТЕГІ МЕДИЦИНАЛЫҚ КАБИНЕТТЕР ЖАҢАРТЫЛУДА

Қазақстанда ел келешегіне тұтқа болатын өскелең ұрпақтардың дені сау, саламатты азаматтар болып бой түзеуіне үлкен мүмкіндік беретін игі қадамдар көптеп жасалып жатыр.
Себебі, өз елінің болашағын ойлаған кез келген мемлекет өскелең ұрпақ денсаулығына баса көңіл бөлетіні анық. Шымкенттегі барлық мектептердің медициналық кабинеттерінің жаңартылып жатқаны соның жарқын мысалы. Кабинеттер жаңа қондырғылармен де жабдықталуда. Соған сәйкес, медбикелер мектеп ішінде мазасы қашқан кез келген оқушыға алғашқы дәрігерлік көмекті көрсететін болады.
Медициналық кабинеттерді жаңарту жұмыстары үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-нан 1 млрд. теңге қаржы қаралған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы мектептерде көрсетілетін алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсартуға баса көңіл бөліп отыр. Бұл үшін медбикелерге артылған жүктемені азайту тетігін қарастыруда. Бұған дейін бір медбикеге 1 мың оқушы бекітілген болса, енді олардың саны 500-ге дейін азаймақ. Соның негізінде келешекте қосымша мамандар жұмысқа қабылданады.