САРБАЗДАР ӘЖЕЛЕР ҚОЛЫНАН ДӘМ ТАТЫП, АРДАГЕРЛЕРДІҢ АҚЫЛЫН ТЫҢДАДЫ
Әженің қолымен дайындалған жылы жұмсақ тағамның дәмі әрқашан ерекше. Шаңыраққа жылылық сыйлайтын әженің қолымен дайындалған дәм кез келген балаға қуаныш сыйлайтыны сөзсіз. Кейін балалық шақтағы сол бір жылымық дәурен адам жадында жылы естелік пен сағынышты сәттер ретінде сақталып қалатыны анық.
Көктемнің алғашқы айына тоғысқан «Алғыс айту» күні, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекелеріне орай ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан жасақтарының №6698 әскери бөлімінде «Әже дәмі» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің әжелер алқасының ұйытқы болуымен өткізілген шарада әжелер қауымы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздарға дастархан жайды. Әскери бөлімде жайылған кең дастархан әжелер қолымен әзірленген бешбармақ, құрт, май, ірімшік және бауырсақ сынды тағамдармен толтырылды. Дастархан басына жиналған сарбаздар бойға қуат беретін астан татып, санада сақталған балалық дәурендегі бал кезеңге тап болғандай күй кешті.
Одан соң Отан алдындағы борышын өтеп жүрген өрімдей азаматтарға шымкенттік әжелер Абай Құнанбайұлының әндері мен өлеңдерін айтып берді.
Басқосуға Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбаев пен еңбек ардагері Бекет Тұрғараев арнайы қатысты. Өмір жолдары өнегеге толы бұл азаматтар саптағы жас сарбаздарға үлкенге құрмет көрсету мен Отанға адал қызмет етудің маңызы жөнінде тағылымды әңгімелер айтты.
Бүгінде Шымкенттегі №6698 әскери бөлімінде 200-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Сарбаздар еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген.