Ел дәріптеген елеулі азамат

Тарихшы, өлкетанушы Рахманберді Жаппарқұлұлы маған кәсіби ұстаз ретінде мектеп қабырғасында білім берген жоқ. Өйткені мен басқа мектепте білім алдым. Бірақ өмір мектебінде әдебиет пен өнер жолында өнегелі ұстаз болды. Біздің шәкірт пен ұстаз жолында ойларымыз бен жолдарымыз өлкетану және шежірелер жазу төңірегінде түйісті.

Созақ аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде қызмет атқарып жүргенде Рахман ағай мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі қызметін атқарды. Одан кейінгі ол кісіні елге танытқан елеулі ісі Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің кіре берісінде мектеп мұражайын ашуы еді. Ол мұражайға ел ішінен, әр үйдің сарайында шаң басып жатқан қаншама ескі, көне көз жәдігерлерді жинастырды. Бүгінгі күндері біз Елбасымыз көтерген «Рухани жаңғыру» бастамасын қос қолдап қуана қолдап жүрміз ғой. Рахман ағай осындай іргелі бастама боларын алдын ала сезгендей сол уақытта құнды жәдігерлер, ел ішіндегі аңыз-әңгімелер, шежіре-әңгімелерді жинап жүретін. Рахманберді ағайдың аз-кем өмір жолын таныстыра кетсем, ол кісі 1947 жылы 1 мамырда қазіргі «Сызған» әкімшілігіндегі «Қозмолдақ» елді мекенінде туылған. Әкесі Жандарбекұлы Жаппарқұл ескіше сауаты бар шаруа адамы болған екен. Жаппарқұлдан бес ұл, бес қыз бала болды. Рахман осы шаңырақтың тоғызыншы баласы еді. 1954 жылы «Қозмолдақ» бастауыш мектебінде білім алды. 1960 жылы «Сызған» жеті жылдық мектебін бітірді. Оқуын одан ары Кентау қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте жалғастырады. Алғашқы еңбек жолын 1964 жылы «Қозмолдақ» ауылында байланыс бөлімінде электромонтер болып бастайды. Үш жыл әскер қатарында қызмет етеді. 1969 жылы әскерде жүргенде алғыр, елгезек, жауаптылығының арқасында Ашхабад қаласындағы қысқа мерзімдегі офицерлік курсты бітіріп, кіші лейтенант шенімен елге оралды. 1969-1974 жылдары «Сызған» кеңшарында шопан, құрылысшы болып шаруашылықтың әртүрлі саласында жұмыс істейді. Бала Рахман айналасын бағамдап жүріп адамға алдымен білім керектігін ұғынады. Содан отбасымен ақылдаса отырып, 1975 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетінде сырттай оқуға түсіп, 1980 жылы бітіріп шығады. Оқуға түскен 1975 жылдан Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте еңбек және тарих пәні мұғалімі болып ұстаздық қызметті бастайды. 1980 жылы аудандық әскери комиссариатының және аудандық партия комитетінің ұсынысымен «Алғашқы әскери дайындық» пәні жетекшісі және мамандығы бойынша тарих пәні мұғалімі қызметіне ауысады. Қызмет еткен жылдардан бастап жас ұрпаққа тәрбие берумен айналысып, осы жылдары қолына қалам алып рухани дүниелерімізді ұлтымызға қайтару жолында ұлы жолды бастайды. Сондай-ақ қосымша 1977 жылы мектепті ұлттық нақышпен безендіруде аудан бойынша социалистік жарыстың жеңімпазы болып «Восток» қол сағатымен марапатталады. Сегіз қырлы жас ұстаз «Жас техниктер» үйірмесін басқарып Қазақстан Республикасы пионерлер сарайының арнайы жүлдесін (қазақтың киіз үйі макетін жасағаны үшін) жеңіп алады. Аудандық жас туристердің слетінде 1985-1987 жылдары оза шауып төрт жыл қатарынан 1 орынды иеленеді. Тіпті облыстық жас туристердің 17 слетінде 2 орынды иеленді. Мектептегі өлкетану мұражайының жұмысымен шұғылданып, жұмыс істеген жылдары мұражай облыстық туристік база мен облыстық өлкетану мұражайынан екі рет паспортталынады. Жас туристердің және әскери далалық жиындарда 1983-87 жылдары 17 рет алғыс хаттар мен мақтау грамоталарына ие болады. Азаматтық Қорғаныс тәсілі бойынша 1988-1990 жылдары үш жыл қатарынан 1 орын, жалпы команда бойынша 2 орын иеленді.Бұл жетістіктердің барлығы зор жауапкершілік, ынта-ыждағаттылық, өз мамандығына деген ілтипатты құрметтің арқасы болса керек. Сол уақытта «айлық алсам болды, қалғаны не болса ол болсын» дейтінтіндер де болған шығар. Бірақ рахман ағай олардығ қатарынан емес еді. Бір тапсырма түссе соны орындағанша жаны жай таппай шыдамсыздана жүретін терісі жұқа азаматтардың санатынан еді. Ол алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі ретінде оқу кабинеттік және материалдық техникалық базасын жабдықтауға ат салысады.
Аудандық облыстық республикалық тексерулерде 4,5 деген бағалар алып жүрді. Кабинеті облыстық кабинеттер конкурсына қатысты. Ұстаздық еткен жылдарында егемендігімізді алғаннан кейін өлкемізге үш рет оқушылармен саяхаттар жасады. Әрине, ол туралы аудандық, облыстық мерзімді басылымдарда көлемді мақалалар жарияланғаны есімізде. Облыстық білім Департаментінен үш рет, облыстық әскери комиссариаттан 1 рет Мақтау грамоталарымен марапатталды. Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Туған ауылында «Саңғыл би» сағанасын салуда және заманның үдерісіне сай телестанция салынуына ауыл азаматтарымен бірге атсалысты. «Саңғыл би», «Бабаның батыр ұрпақтары», «Даналар рухы», «Ардагерлер асыл ағалар», «Саңғыл би шежіресі», «Шертпе күйдің шебері» атты роман-эссе жинақтары жарық көрді. Көптеген мақалалары, зерттеу жұмыстары, республикалық, облыстық, аудандық баспасөздерге шығып тұрды. Оның біразы «Созақ елі», «Сахара самалы» атты ауданымыздың 75 жылдығына орай шыққан жинақтарға енді. Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің мүшесі ретінде соңғы жылдары «Өлке тарихы», «Созақ көтерілісі» сияқты тарихи-деректі әртүрлі тақырыптағы әңгіме, эссе, повесть, очерктер жазып жүр. Ұжым алдында үш рет атқарған жұмыстары жайлы шығармашылық есебін берді. Барлығында да «өзінің істеп жүрген жұмысына лайық» деген педагогикалық кеңестің бағасын алды және мектеп директоры атына арнайы «Алғыс» жарияланды. Рахманберді ағай отбасында жұбайы екеуі құдайдың берген үш ұл, үш қыз баласын тәрбиелеп, олардан Алла берген он бес немересі бар. Ұл-қыздарының барлығы да жоғарғы оқу орындарын бітірген. Рахман ағайдың өзі білім саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, 2010 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалімен марапатталды. Одан беріде «Халық құрметі», «Ерен еңбегі үшін» медалдарын кеудесіне жарқырата тақты. Жетпістің желкенін сексен жастың жағалауына бұрған ардақты аға, аяулы азаматтың ауданның тарихына, қазақ мәдениеті мен әдебиетіәне қосар еңбегі ілң де мол болмақ. Осы жолда өзіңіз құрмет тұтар оқырмандарыңыз бен келер ұрпаққа барыңызды сарқа бере беріңіз дегім келеді. Жазушы, тарихшы, өлкетанушы, шежіреші Рахманберді Жаппарқұлов ел дәріптер қандай құрметке болса да лайықты тұлға.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.