ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ БАСТЫ ТАЛАП – САПА
Бүгінде Шымкент қаласында 77 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысандардың құрылысы үшін мемлекеттік бюджеттен 14,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Олардың 38-жалдамалы, ал 39-ы несиеге беріледі. Биыл олардың 32-сін пайдалануға беру жоспарланған. Олардың 24-і кредиттік, 8-і арендалық.
Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралап, мердігер мекемелерге нақты тапсырма беріп қайтты.
Қала әкімі алдымен Шымкенттегі «Әкімшілік іскерлік орталығында» салынып жатқан 12 қабатты 8 тұрғын үйдің қарқынын бағамдады. 21,5 га аумақта салынып жатқан үйлердің құрылысы 2018 жылы басталған. Биыл маусым айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Өз кезегінде аталған үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекеме «Арт Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қала әкімі Мұрат Әйтенов компания басшысы Бекжігіт Төлендиевке «Бірінші кезекте сапаға мән беріңіздер. Тұрғындардың сапаға қатысты шағымы көп. Ең басты талап – осы. Біз тұрғын үй салушыларға әрдайым қолдау көрсетеміз. Сіздердің тараптарыңыздан сапалы жұмыс жасалуы керек. Әрине, құрылыс жұмыстарының қала экономикасына қосар үлесі мол. Қалаға келетін инвесторлар да алдымен құрылыс барысына мән береді», – деді.
Қала әкімі «Тұран» шағынауданында «Shymkent» ӘКК» тапсырысымен салынып жатқан 8 үйдің құрылысын да аралап көрді. Мұнда мердігер мекеме «Бек Строй Сервис» ЖШС жоспар бойынша жұмыс жүргізуде. Құрылысы 2018 жылы басталған үйлер сәуір және маусым айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.