От шашудан опық жемеңіз!

Жаңа жыл мерекесін тойлау барысында тұрғындардың пиротехникалық бұйымдарды қолдануы қалыпты құбылысқа айналғаны белгілі. Бірақ мереке ажарын аша түсетін сол бұйымдарды қолдану кезінде жазатайым жағдайлардың да орын алғандығы туралы деректер тіркеліп жатады.

мкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті ағымдағы жылдың 25-желтоқсанынан бастап, 5-қаңтарға дейін күшейтілген режимде жұмыс істейтін болады. Соған сәйкес департамент қызметкерлері төтенше жағдайларды алдын алу бойынша ірі сауда орталықтарында, базарларда кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізуді бастап кетті.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді.
Өз кезегінде Мадияр Есенгелдіұлы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын Жаңа жыл мейрамын тойлау кезінде пиротехникалық заттарды қолдану барысында жазатайым жағдайларды алдын алу бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыратынын, осыған орай ағымдағы жылдың 10-желтоқсанынан бастап Шымкент қалалық полиция департаментімен бірлесіп, қала аумағында болуы мүмкін төтенше жағдайларды алдын алу бойынша бірлесіп әрекет ету бұйрығы шығарылғанын, соған сәйкес тиісті іс-шаралар екі кезеңде өткізілетінін айтты. Бірінші кезеңде ірі сауда үйлері мен базарларда, халық нөпірі көп аумақтарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Пиротехникалық бұйымдарды сақтау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары пысықталады. Екінші кезеңде қалалық тәртіп сақшыларымен бірлесіп пиротехникалық заттарды сататын базарлар мен ірі сауда орындарында рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар басталып, қаладағы «Бекжан», «Алаш», «Айна», «Акбар», «Орталық Қырғы базары» мен «Магнум», «Баян сұлу», «Мега орталық», «Метро» сынды сауда үйлерінде рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылған.

Сонымен қатар
Мадияр Есенгелдіұлы:
– Қазіргі таңда қала аумағында Жаңа жыл мерекесін өткізетін 528 орын мен 1 президенттік шырша өткізетін алаң белгіленген. Оның біреуі алаң болса, 504-і білім беру нысаны, 10-ы мәдени ошақ, 8-і ойын-сауық орны, 3-уі интернат, 2-уі балалар үйі болып табылады. Аталған орындардың барлығында қауіпсіздік жұмыстары жүргізіліп, кезекшіліктер ұйымдастырылды,-деді.
Дей тұрғанмен, брифинг барысында Мадияр Есенгелдіұлы рейдтік жұмыстар кезінде пиротехникалық бұйымдарды лицензиясыз сату деректері қандай сауда орындарында анықталып жатқандығы туралы жақ ашпады. Ол бұл туралы нақты мәліметтерді алдағы уақытта қосымша хабарлайтынын тілге тиек етті. Және де ол «Пиротехникалық заттарды тұрғындар мына базардан немесе сауда үйлерінен алғаны дұрыс» деп шорт кесіп айта алмайтынын, қауіпсіздікті алдын алу үшін ең дұрысы, сатып алушы саудагерден лицензия талап етуі қажеттігін ескертті.
Сөз соңында аталған департамент берген дерекке сүйеніп, 2017-2018 жылдары Шымкентте Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде пиротехникалық заттарды пайдалану бойынша жазатайым оқиға тіркелмегенін айта кетейік.

Ж. АРМАНОВА.