ОҚМПУ: ОҚУ ОРНЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІ ЖАТАҚХАНАМЕН ЖҮЗ ПАЙЫЗ ҚАМТЫЛДЫ

Жаңа жыл қарсаңында Шымкентте көзайым жаңалықтардың қатары әдеттегіден арта түсті. Солардың қатарында «Нұрсәт» шағынауданында 240 орындық жатақхананың ашылуы болды. Нысан Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне тиесілі. Енді онда аталған оқу орнының жаратылыстану факультетінің студенттері жайғасатын болады. Жатақхана Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бойынша салынып, пайдалануа беріліп отыр.

Ғимараттың салтанатты жағдайда пайдалануға берілуі қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен өтті. Өз кезегінде қала әкімі «Баршаңызды мейрам алдында жайлы орынға қоныстануларыңызбен құттықтаймын. Елбасы 2023 жылға дейін барлық студенттерді жатақханамен қамту туралы тапсырма берген болатын. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, осы жылы бүгінгі 240 және 350 орындық екі жатақхана құрылысы аяқталып, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне пайдалануға берілді. Келесі жылы «Шымкент» ӘКК арқылы 2 500 орындық жатақхана салу жоспарлануда», — деді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған бұл нысанда студенттер үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалған. Ғимарат қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда кітапхана, оқу залы, демалыс бөлмесі, медициналық пункт пен ас бөлмесі бар.
Бүгінде Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде 6 мыңға жуық студент білім алады. Оқу орнының ректоры Анар Қайырбекова бұл университет студенттеріне арналған бесінші жатақхана екенін алға тартады. Соңғы нысанның ашылуы оқу ордасындағы студенттердің 100 пайыз жатақханамен қамтылуына ықпал еткен.

Ж. АРМАНОВА.