Түркістанда жол ақысы 70 теңгеге көтеріледі
Түркістан қалалық мәслихатының кезекті 60-сессиясында депутаттар облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде жүру бағасын 50 теңгеден 70 теңгеге көтеру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.
Жергілікті билік жұртты жол ақысын 40 пайызға көтеру арқылы халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы жұмыстар жандана түсетініне бек сендіріп отыр. Қала әкімі Рашид Аюпов жол ақысын көтеру бойынша жергілікті тасымалдаушы компаниялармен тиісті келісім шарт түзілгенін, соның негізінде автобус жүргізушілерінің тізгінде отырып, темекі тартуы, бейәдеп сөздер мен телефонмен тілдесуіне тыйым салынып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар ол, келер жылдан бастап қалаға қоршаған ортаға зияны жоқ автобустар келетінін, жолаушыларды тасымалдайтын автобустарды жаңарту, элекронды билет енгізу жұмыстары қолға алынатынын алға тартты.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Түркістан қаласы еліміз бойынша жол ақысы ең төмен аумақ ретінде ерекшеленетін. Киелі қалада соңғы рет 2018 жылдың 1-қарашасында жол ақы құны 50 теңгеге көтерілген болатын. Оған дейін ол 40 теңге болған-тын.