Адалдық сағаты жастарға жөн сілтейді
Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында
«Адалдық сағаты» ұйымдастырылды.
9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Sanaly urpaq» жобасы аясында өткен шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ерасыл Төлебаев қатысты. Олар студенттерге парасаттылық құндылықтары бойынша келелі ой қозғап, оны бойға сіңірудің маңыздылығы жөнінде әңгімеледі. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамдағы жастардың рөлі бойынша дәріс оқыды.
Өз кезегінде Талғар Серікбаев «Біз жастайымыздан адал әрі әділ болудан айнымауымыз керек. Өзімізді дамытып, әрқашан жаңашылдықтарға ұмтылуға тиістіміз. Ұлы жазушы, ақын Абай Құнанбаевтың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар-мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген сөздерін ешқашан ұмытпауымыз қажет»,-деп материалдық емес, рухани құндылықтарға қызығуға шақырды.
Ал Е. Төлебаев болса, студенттерді «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысымен таныстырып, оларды жуырда қолға алынған «Ашық микрофон» жобасына қатысуға шақырды. Аталған жобада кез келген азамат өздерін мазалаған сұрақтары бойынша мемлекеттік орган өкілдерінен нақты жауап алуға болатынын жеткізді.
Дәріске университеттің 200-ге жуық студенті қатысып, аталған тақырыпта өз ойларымен бөлісті.
С. НҰРАЙ.