«БІР ЖЫЛДА МИЛЛИОН АДАМНЫҢ ҚҰҚЫ ҚОРҒАЛДЫ»

Дархан КАИНБЕРДИЕВ:
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу,
бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің
Шымкент қаласы бойынша департаментінің
басшысы:

Өткен жылдың қыркүйегінде «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі жаңадан құрылған болатын. Және сол жылдың 1-қарашасында департамент өз жұмысына толық кіріскен.

Таяуда аталған департаменттің басшысы Дархан Каинбердиев Шымкенттегі ақпарақттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде бір жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Су, жарық, жылу және газ беретін монополис компаниялардың жұмысын реттеуде жетекші рөл атқаратын департамент басшысы алдағы жылы коммуналдық тарифтердің қымбаттауына жол берілмейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол, халыққа тіршілік нәрін, электр энергиясы мен көгілдір отынды жеткізетін табиғи монополия субъектілерінің тұтынушылардан негізсіз алған төлемдері соңғы тиынына дейін тұрғындарға қайтарылатынын қадап айтты. Күнделікті тыныс-тіршілігімізді қалыптастыруда жетекші мәнге ие су, қуат көзі, жылу мен көгілдір отынды тұрғындарға тасымалдаушылардың жұмысын жүйелендіруде департаменттің атқарып жатқан осы және өзге де жұмыстары жөнінде Дархан Әбілқасымұлы төмендегідей мәліметтер таратты.

Бүгінде еліміздің Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінде тұрғындарға реттеліп көрсетілетін 75 қызмет түрі бойынша 58 табиғи монополия субъектісі тіркелген. Оның ішінде 39 субъект кірме жолдары қызметі бойынша болса, 20 субъект сумен жабдықтау және су бұру, 6 субъект электр энергиясын тасымалдау қызметімен айналысса, дәл осыншамасы жылумен қамтамасыз етумен, тағы бір субъект тауарлық газды бөлшек саудада өткізумен шұғылданады.
Табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтер бойынша тарифтердің тиімділігін қамтамасыз ету мемлекеттің қырағы бақылауында. Өткен жылдың қараша айында сол кездегі мемлекет басшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында коммуналдық тарифтер бағасын реттеу туралы тапсырма беруі соның айғағы. Соған сәйкес 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап барлығы 12 табиғи монополия субъектілерінің және қоғамдық маңызы бар нарық субъектілері тасымалдайтын коммуналдық қызметтер тарифтері төмендетілді. Нәтижесінде шымкенттік тұтынушылардың бір жылда 4,0 млрд. теңгесі үнемделді. 2020 жылы бұл көрсеткішті 2,32 млрд. теңгеге жеткізу көзделген.
Осылай деген Дархан Каинбердиев үнемделген қаржының 2 679 млн. теңгесі — «Энергопоток», 592,5 млн. теңгесі — «Су ресурстары-Маркетинг», 410,0 млн. теңгесі — «Қуатжылуорталық-3» МКК, 98,0 млн. теңгесі — «3-Энергоорталық» АҚ, 102,7 млн. теңгесі — «ҚазТрансгазАймақ» АҚ» ШФ, 52,6 млн. теңгесі — «Су құбыры және канализация басқармасы» МКК, 37,3 млн. теңгесі «Женис-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және т.б есебінен қамтылғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар ол:
— Өткен жылғы Қауіпсіздік кеңесі отырысындағы Елбасының тапсырмасына сәйкес тарифтердің реттелу процесі қосымша құн салығын қоса есептегенде төмендегіше жүзеге асты.
Жылумен жабдықтау бойынша орташа тариф тұрғындар үшін 1 Гкал (гигакалория) 6055,48 теңгеден 4910,28 теңгеге немесе 18,9%-ға, заңды тұлғалар үшін орташа тариф 1 Гкал үшін 17319,26 теңгеден 15587,34 теңгеге немесе 10%-ға төмендеді. Ал бюджеттік мекемелерге өзгеріссіз қалдырылды. Сумен жабдықтау бойынша тариф орташа есеппен 75, суды бұру бойынша тарифтер 6,8% төмендеді. Газбен жабдықтау саласында тарифтер тұрғындарға 1 м3 үшін 34,47 теңгеден 32,47 теңгеге немесе 5,8%-ға арзандады. Қуат көзі бойынша тарифтер орташа есеппен 6,8% төмендетілді.
Жыл басында тарифтердің осындай ретпен төмендетілуінің нәтижесінде халықтың коммуналдық қызметтер үшін ай сайынғы ақысы айтарлықтай арзандады. Мәселен, ауданы 60 шаршы метр 2 бөлмелі пәтерде 3 адамнан тұратын отбасының бір айдағы орташа төлем түбіртегі 14227,44 теңгеден 11851,8 теңгеге төмендеді. Үнемделген қаржы бір ай үшін 2376, жылдық үнемдеу орташа есеппен 16000 теңгені құрады, — деді.
Тұтынылған коммуналдық қызметтер үшін тұрғындардың төлем жасауы дер кезінде жүзеге асуы тиіс. Тиісінше табиғи монополия субъектілері тиісті департаментке атқарылған жұмыстардың есебін бекітілген мерзімде іске асыруы қажет. Бірақ табиғи монополия субъектілерінің барлығы дерлік мұндай талаптың үдесінен шыға бермейтін сыңайлы. Департамент басшысы Дархан Әбілқасымұлының берген дереккөздеріне сүйенсек, 8 табиғи монополия субъектісі жұмыс есептерін уақытында бермеген. Уақытылы есеп бермеу бойынша заңнаманың бұзылуына байланысты аталған монополистер жалпы сомасы 3,030 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар департамент басшысы «Қуатжылуорталық-3» МКК-мен бірлесіп 2018-2019 жылдардағы жылу беру кезеңі үшін сырттағы ауаның нақты температурасын ескере отырып, орталықтандырылған жылумен жабдықтау қызметтерін тұтынатын және жылуды есепке алу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметінің құнын қайта есептеу жұмыстары жүргізілді.
Жүргізілген жұмыстар қорытындысы бойынша Шымкент қаласының тұтынушыларына 40 млн. теңге қайтарылды»,-деп атап өтті.
Жоғарыда Елбасының тапсырмасына сәйкес тұрғындардың коммуналдық төлемдер үшін миллиардтаған теңгесі үнемделгенін айтып өттік. Мұндай тиімділікті алдағы уақытта да сақтау үшін жергілікті билік барлық тетіктерді қарастырды. Яғни, Шымкент қаласы әкімдігі табиғи монополия субъектілерімен бірлесе отырып тариф құнының өсуін тежеу бойынша бірлесе жұмыстар атқарған. Аталған мекеменің таратқан ресми мәлімдемесіндегі деректерге сенсек, бірлескен жұмыстың нәтижесінде табиғи монополия субъектілері тұрғындар үшін тарифтерді 2019 жылдың деңгейінде қалдыру туралы шешімге табан тіреген. Бұл дегеніміз 2020 жылы сумен жабдықтау, сарқынды суларды бұру, жылумен жабдықтау қызметтеріне тұрғындар үшін тарифтер көтерілмейтінін және қолданыстағы деңгейде қалдырылатынын аңғартады. Бірақ электр станцияларымен өндірілетін қуат көзінің шекті тарифтерінің жоғарылауына байланысты электр энергиясының тарифі 2018 жылдағы деңгейге (15,72 тг) дейін жоғарылауы мүмкін.
Департамент өткен жылдың 18-қыркүйегінде құрылды. Сол мерзімнен бастап бүгінге дейін мекемеге 585 арыз-шағым келіп түскен. Оның 132-сі қаралау реті бойынша өзге органдарға жіберілсе, 241 шағым иесіне түсіндірме жолданған. Жоспардан тыс 36 тексеру 212 арыз бойынша жүргізілген. Яғни, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ» ШӨФ-да — 15, «Қуатжылуорталық-3» МКК-да — 8, «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-де — 4, «3-Энергоорталық» АҚ-да — 4 тексеру жұмыстары жүргізілген.
Департаментке келіп түскен шағымдар бойынша жүргізілген тексерулер біраз табиғи монополия субъектілерінің шаңын қағып, шала тірлігін су бетіне шығарған. Нәтижесінде 53 әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 106 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Қазіргі таңда салынған айыппұлдардың 41,2 млн. теңгесі өндірілген. Департамент анықталған заң бұзушылықтарды тез арада жою туралы 35 нұсқама шығарып, тұтынушылардан негізсіз алынған 286,6 млн. теңгенің қайтарылуын жолға қойған. Қайтарылған қаржының 251,6 млн. теңгесі газбен жабдықтау, 34,7 млн. тенге жылу энергиясы, 331,5 мың тенгесі кірме жолдар бойынша. Осылайша департаменттің араласуымен 210 мың абоненттің немесе 1 млн. адамның құқы қорғалған.

С. НҰРАЙ.