МЕГАПОЛИСТЕ ЖОЛАУШЫЛАР ЛЕГІ ӨСКЕН
Қазақстанның бірқатар қалаларында әуе көлігі жолаушыларының саны күрт көбейген. Олардың қатарында Шымкент қаласы да бар.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таратқан деректерге сүйенсек, әуежайлардағы жолаушылар ағымының өсімі Нұр-Сұлтан қаласында 48%-ға артса, Алматыда 45%-ға, Семейде 1013%-ға, Таразда 734%-ға, Павлодарда 117%-ға, Қарағандыда 90%-ға, Шымкентте 57 %-ға, Оралда 54%-ға көбейген.
Ведомства бұл оң өзгеріс бюджеттік Fly Arystan әуе компаниясының ашылып, оның нарыққа шығуының әсерінен болып отырғанын алға тартады. Осыған орай отандық әуе компаниялары ішкі бағыттар бойынша ұшақ билеттерінің құнын орта есеппен 12 пайызға арзандатқан.
Бюджеттік әуе компаниясының іске қосылуы ішкі нарықтағы бәсекелістікті арттыруға да ықпал еткен.
Өз кезегінде аталған министрлік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әуе билеттерінің бағасын төмендету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жағастыруға мүдделі болып отыр. Осы бағытта ведомства басшылығы еліміздегі әуежайлар арқылы ұшуды жүзеге асыратын шетелдік және отандық компания өкілдерінің басын қосып, кеңес өткізген. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевтің төрағалығымен өткен кеңеске Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Ақтау қалаларының әуежайлары мен шетелдік компаниялардың өкілдері қатысқан. Басқосуда әуе отынын орташа нарықтық бағаға дейін төмендету мәселесі күн тәртібіне қойылды. Министрлік бұл мәселені реттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Қазіргі таңда билеттер құнының 30 пайыздық үлесі дәл осы әуе отынына тиесілі екен.
С. НҰРАЙ.