Сапасыз жолдан апат саны артуда

Қазақстанда  егемендік алған жылдардан бастап бүгінге дейін жол-көлік апаты салдарынан 82 мыңнан астам адам бақилық болған.

Сәтсіз сапар салдарынан 500 мыңға жуық адам әртүрлі жарақат алған. Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше Қазақстан жол апаты ең көп орын алатын әлемдегі бес елдің қатарына енген екен. Оқыс оқиғалардың орын алуына жол ережесін қаперге алмау мен жол сапасы себеп болып тұр. Ал жол сапасының сын көтермеуіне не себеп? Мемлекет шұрық тесік болған жолдарды тақтайдай тегіс етіп жөндеу үшін бюджеттен ағыл- тегіл ақша бөліп жатыр. Бірақ жол жөндеу жұмыстарына жұмылғандар қарашаны емес, қарақан басының қамын ойлап, түрлі олқылықтарға жол беруде.
Мәселен, осы аптада «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің «Сапалы жол — Адалдық алаңы» аясында Төлеби ауданында мемлекет қаржысы есебінен салынған Ленгір қаласындағы аудандық маңызы бар «КХТЛ-31-КХ35-Ақайдар-Екпінді» көшесі және «Ленгер КХ-82 Шымкент-Сайрам-Қасқасу-Шымкент» жолдарының сапасын тексерді. Бұл үшін жалпы ұзындығы 9,3 шақырым болатын жолдан сынама алынды. Нәтижесінде ондағы асфальт жабындысының тегістігі сапасыз төселгені анықталған. Жүргізілген мониторингтік бақылау жұмысы мердігер мекеменің тағы бір шикі тірлігіне көз жеткізді. Яғни, аталған нысанның жол жиектері үгітіліп, жол төсемінің қосылған жерлерінде біркелкілік жоқ екендігін көрген.
Мониторингтік жұмыстарға «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлерімен қатар, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының», аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің, «Nur Otan» партиясының, мердігер компания өкілдері мен жергілікті депутаттар, техникалық қадағалаушы мамандар қатысқан.
Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мердігер мекемелерге ескерту жасалып, олқылықтың орнын толтыру үшін нақты тапсырмалар берілді. Бірақ әу-баста сапасыз салынған жол тиісті ескертуден кейін берік болып, көлік ағынына шыдас беріп бұзылмай тұрады дегенге сену де қиын.

А. САТЫБАЛДЫ.