СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ «СОРЫ» НЕ?
Қазақстанда 139 су нысаны бар. Бұлардың ішінде тек бірқатары атап айтқанда, Атырау облысындағы Жайық, Қиғаш, Түркістан облысындағы Бөген өзені және Каспий теңізі ғана «нормативті тұрғыда таза» санатына жатқызылады. Ал 102 су нысаны (68 өзен, 17 көл, 14 су қоймасы мен 3 арық) «бірқалыпты деңгейде ластанған» санатында. Сонымен қатар, 16 өзен мен 14 көл «жоғары деңгейде ластанған» санатына енгізілген. Солтүстік Қазақстан облысындағы «Красноярка», Ақмола облысындағы «Қылшықты», «Шағалалы» өзендері мен «Майбалық» көлі «аса ластанған» санатына кіргізілген.
Мұндай зерттеу нәтижесін сенатор Қайрат Қожамжаров Парламент отырысында мәлімдеді. Су қауіпсіздігі мәселесі талқыланған отырыста депутат су нысандарының ластануына өндіріс орындары қалдықтарының «үлесі» басым екенін айтты. Шахта мен кен орындарынан шығарылған қалдықтар да су нысандарының тазалығын сақтауға кері әсерін тигізуде екен. Сондай-ақ, адамзаттың да айналаны таза ұстауға келгенде салғырттық танытатыны да су нысандарының ластануына себеп болып отырғанын айта кетейік.