БЮДЖЕТТІ ИГЕРУДЕГІ ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚТАР БІЛМЕСТІК ПЕ ӘЛДЕ БІЛІМСІЗДІК ПЕ?

Шымкент қаласы әкімдігі бюджет бүйірінен бөлінген қаржыларды игеруде біраз
шикіліктерге жол берген. Бұл туралы Қазақстан Есеп комитеті Шымкент қаласының қаражатты
пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысында мәлімдеген.

Мемлекеттік аудит жұмыстары 2018 жыл мен 2019 жылдың бірінші жартыжылдығын қамтыған. Бұл аралықта Шымкент тұтқасын Ғабидолла Әбдірахымов ұстағаны белгілі. Есеп комитеті жариялаған қорытындынының мазмұны мынаған саяды.
Үшінші мегаполис әкімдігі тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу жөніндегі жобаларға бюджет қаражатын жоспарлау кезінде кешенді тәсілді қамтамасыз етпеген. Салдарынан екі жыл бойы аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін 10 тұрғын үй (540 пәтер) мерзімінде пайдалануға берілмеген.
Жобалау-сметалық құжаттаманы дұрыс елеп-екшемеудің бірнеше фактісі белгілі болған. Нәтиесінде жобаларды іске асыру барысында техникалық кеңестің бірнеше мәрте шығарылған шешімдерімен құрылыс жұмыстарының жобалық шешімдерге ықпал ететін көлемі алынып тасталады. Бұл ретте ведомстводан тыс міндетті қайталама сараптама жүргізілмейді.
2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген жалға берілетін тұрғын үй сапасы тұрғындардың көңілінен шықпаған. Бұл ондағы тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама қорытындысында мәлім болған. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 62%-ы берілген пәтерлердің сапасына қанағаттанбайтынын ашып көрсеткен.
Шымкент қаласының бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жобаларды іске асыру барысында республикалық бюджет қаражатының 665,2 млн. теңгесінің негізсіз пайдалануына жол берген. Атап айтқанда, қалалық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы «Бозарық» қосалқы станциясының құрылысы» жобасы бойынша құны 358,3 млн. теңгеге асырылған құрал-жабдықтарды қабылдаған.
Бухгалтерлік есеп жүргізу ережелерінің талаптарын бұзудың көптеген фактілері анықталды. Соның нәтижесінде сомасы 155,0 млн. теңгеге жобалық сметалық құжат әзірлеу және мемлекеттік сараптама жүргізу бойынша шығындар нысандардың жалпы құнына енгізілмеген және кейіннен пайдаланушы ұйымдардың балансына берілмеген.
Сапасыз орындалған жұмыстардың және Экологиялық кодекстің талаптарын сақтамаудың салдарынан 2018 жылы пайдалануға берілген Шымкент қаласындағы «Қайтпас-2» шағынауданының кәріз жүйелерін салу және Шымкент қаласындағы Тоғыс елді мекенінің кәріз жүйелерін реконструкциялау бойынша нысандар пайдаланушы ұйымдарға берілмеген. Бұл нысандардың жалпы сомасы 1 194,4 млн. теңгені құраған.
2018 жылдан бастап КЛЭП-110 кВ қоректендіретін 110/10 кВ Астана-1, Астана-2 қосалқы станциялары жұмыс істемейді және пайдаланылмайды. Бұл бюджет қаражатының жалпы сомасы 7 082,6 млн. теңгеге тиімсіз пайдаланылуына алып келген.
Бюджет заңнамасын бұза отырып, 2018 жылы Шымкент қаласының әкімдігі Қаржы министрлігінің келісімінсіз сомасы 10,0 млрд. теңгеге кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға арналған бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асырған.
Тартылған қарыз қаражаты «Shymkent» ӘКК» акционерлік қоғамына бюджеттік кредит түрінде, кредит қаражатының қайтарылмау тәуекеліне әкеп соғатын, бюджет заңнамасы өрескел бұзыла отырып бөлінген.
Сонымен қатар, «Shymkent» ӘКК» АҚ кредитті пайдаланғаны үшін 1,8 млрд. теңге сомасында сыйақы төлеуден заңсыз босатылған. Бұл қала бюджетіне түсетін салмақты ұлғайтқан.
Бұдан әрі «Shymkent» ӘКК» АҚ тұрғын үйді орташа нарықтық бағалар бойынша сатуды көздеп отыр. Осыған байланысты «Бес әлеуметтік бастама» шеңберінде Елбасы белгілеген халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің өлшем шарттарына сәйкес келмейтін коммерциялық бағалармен кредиттік тұрғын үйді сату тәуекелдері орын алуы мүмкін.
Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 2 985,8 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Тиімсіз жоспарлау 10 028,6 млн. теңгені құраған. Жалпы сомасы 13 054,7 млн. теңге қаражатты тиімсіз пайдалану және рәсімдік бұзушылықтың 539 фактісі анықталған.
Қала әкімдігі тарапынан орын алған осы кемшшіліктер бойынша Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Шымкент қаласының әкіміне, ұлттық экономика, қаржы, білім және ғылым, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берді.
Ведомстваның таратқан ресми мәлімдемесінде уәкілетті органдарға жеке және заңды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығын қарау үшін 119 материал жіберілгені жазылған. Сонымен қатар жекелеген бұзушылықтар фактілері бойынша Есеп комитеті процестік шешім қабылдау үшін мемлекеттік аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылданғаны жазылған.

Қ. ҚАЛИЕВ.