ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕРДЕГІ ӨНІМДЕРДІҢ ТҮРІ АРТУДА

Өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласында күнделікті тұтынатын азық- түлік өнімдері тиімді бағада сатылатын әлеуметтік павильондар орнатылылған болатын.
Қазіргі таңда сол 14 павильонның тек 8-і ғана жұмыс істеуде. Сондықтан да жергілікті әкімдік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациямен бірлесіп, жұмыстары тұралап тұрған павильондардың орнын өзгертіп, іске қосудың барлық тетіктерін қарастыруы керек.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру жөніндегі комиссияның кезекті отырысында мәлімдеді.
Сонымен қатар ол, түркістандықтардың көпшілігі қалада әлеуметтік дүкендердің қайда орналасқанынан бейхабар екендіктерін ескертіп, тиісті мамандарға олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Комиссия отырысы кезінде әлеуметтік маңызы бар тауарларды тиімді бағада босатуды қаланың негізгі базарларында да жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Себебі, базар халықтың көп бөлігі азық-түлік сатып алатын орын болып саналады. Сондай-ақ, ондағы өнімдердің түрлерін макарон, күріш, май, ет және тұз сынды өнімдермен толыққаны айтылды.
Сөз соңында әлеуметтік маңызы бар өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан бағада сатылатын павильондар қаланың Жібек Жолы, А. Сабырханов, Аль-Фараби, Б. Майлин, О. Жандосов көшелері, «Жеңіс» саябағының жаны мен «Отырар» шағын аудандарында орналасқанын айта кетейік.

М. ӘБДІРАЙЫМ.