ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНЫНДА КӨП КЕЗДЕСКЕН

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық. Қоғам арасында бұл сөз қанша жауыр болса да, оның салтанат құруына саналы түрде барып жатқандардың қарасы азаяр емес. Үшінші шаһарда ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жемқорлыққа қатысты 41 қылмыстық істің тіркелуі соның нақты айғағы. Тіркелген қылмыстардың 31-і сыбайлас жемқорлық фактілері.
Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастығы Асхат Жұмағали мәлімдеді.
Есепті кезеңде құзырлы органға тіркелген қылмыстардың басым көпшілігін парақорлық пен жымқыру деректері құрайды. Агенттік өкілдері тіркелген қылмыстардың көпшілігі құқық қорғау органдарына тиесілі екенін атап өтті. Одан кейінгі орында ауыл шаруашылық саласы тұр. Жер қатынастарында да бармақ басты, көз қысты әрекеттердің көрінісі бірнеше рет байқалған.
Өз кезегінде Асхат Жұмағалиұлы жыл басынан бері ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өндірісінде барлығы 144 қылмыстық істің 119-ы тергеумен аяқталғанын, 45-і сотқа жолданғанын хабардар етті. Сонымен қатар ол, қылмыстық сот ісін жүргізуде жазалаушылықты төмендету мәселесіне ерекше мән берілгенін айтты. Жыл басынан бері сотталған 23 адамның 14-не айыппұл төлеу туралы шара көрілгені соған дәлел. Ал 6 адам бас бостандығынан айрылса, 3 адамға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.
Брифингте департамент өкілдері бірқатар сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуде азаматтардың жеке өздеріне немесе Call-орталықтың 1424 бірыңғай нөміріне хабарласуы ықпал етіп жатқанын мәлімдеді. Қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылысқа бей-жай қарамай, әділдіктің салтанат құруына септігін тигізген сол азаматтардың тиісті органдарға қалдырған хабарламасы шындықтың ауылынан алыс емес екені заңды күші бар құжаттар арқылы дәлелін тауып жатса олар ақшалай сыйақымен мадақталатыны белгілі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілдері нақ осы мақсатта жыл басынан бері
7 адам марапатталғанын айта кетті. Оларға берілген ақшалай сыйақының көлемі 1 млн. 153 мың теңгені құраған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.