Атом саласында айшықты ізі қалған азамат
Уақыт көші алға қарай жылжыған сайын тарих жылнамаларына ел перзенттері өз қолтаңбаларын қалдырып, туған өлкенің қадір-қасиетін терең ұғынып қал-қадірінше еңбек етеді. Бабаларымыз қой бағып, асау құрықтап, түйе қомдап, қарт Қаратаудың етегін жайлап, сайын далада еркін өссе, одан тараған кейінгі ұрпақтар заман үдерісіне мойынұсынып, жаңа дәуірдің жаңа легіне ілесіп кетіп барамыз. Ата-бабамыз рас, кезінде мыс балқытып, темір иіп, алтын мен күмістен зергерлік бұйымдар жасады. Ал бүгінгі күннің мысы да, темірі де Созақ үшін-уран өнімін өндіру болып тұр. Осы салада қаншама созақтық азаматтар аянбай ащы терін төкті, санауға тұрарлықтай жылдарын арнады.
Созақ жұртшылығының тұрмысы мен әлеуетіне уран өндірісі мол септігін тигізуде. Сонау 1980 жылдары уран өндіретін мекемелердің дені, яғни, басым бөлігі орыс ағайындар еді. Сол уақыттан бері қырық жылға жуық уақыт ішінде барлық деңгейдегі мамандардың орнын жергілікті ұлт өкілдері басты. Көптеген жергілікті азаматтар атом саласының қыры мен сырын үйренуге, білуге ұмтылды. Нәтижесінде кеткен мамандардың ойсыраған орнын басты. Тәжірибе жинақтады, көрді, үйренді, білді-аптал азамат ретінде шыңдалды. Біздің кейіпкеріміз Исаев Жанғали Рысбекұлы сондай іргелі де білікті мамандардың бірі. Әңгімемізді әріден бастасақ Жанғали Рысбекұлы 1959 жылы Шолаққорған ауылында дүниеге келген. 1976 жылы аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, алдымен Жамбыл қаласындағы гидромелиоративті құрылыс институтының құрылыс инженері, одан Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің тау инженері мамандығы бойынша екі жоғары оқу орнын тәмамдайды. Жанғали Рысбекұлы алғашқы еңбек жолын 1981 жылы «Қырғыз тау-кен» комбинатына қарасты СМУ-9 мекемесінде құрылыс шебері болып бастайды. Бүгінде жайқалған қалашыққа айналған Таукент қалашығының, оның алдын «Қанжуған» кеніштерінің алғаш қазығын қаққан азаматтардың бірі.
Жанғали ағамыз кезінде «Павлодар-Шымкент» мұнай құбырының құрлысын жүргізген «Орта Азитя Мұнай-газ» құрлысы трестіне қарасты СУ-2 мекемесінде қызмет атқарып, «Шолаққорған», «Қарақойын», «Жуантөбе» мұнай айдау станцияларының құрлыстарында және аудан орталығындағы «Мұнайшылар қалашығында», Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің ғимаратында, оның іргесіндегі балабақша құрылыс нысандарында айшықты қолтаңбасы қалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары саналатын 1993 жылдан «Қазақ атомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясында Тәуелсіз елдің болашағына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Содан бері 2000 жылы «Қанжуған» кеніші басшылығы тарихында геотехнология алқаптары учаскесін жергілікті ұлттық кадр ретінде тұңғыш басқарушы болады. 2004-2008 жылдары «Катко» қазақ-француз біріккен кәсіпорнында ГТП инфраструктурасын дайындау басқармасының басшысы болып, «Оңтүстік Мойынқұм», «Төртқұдық» жаңа кен орындарын іске қосып, соған басшылық етеді. Француз мамандармен бірлесе, қоян-қолтық қызмет атқарысып, қонақтардың қолдары қалт етіп босаған сәттерінде Жанғали Рысбекұлы ауданымыздың киелі, тарихи орындарын аралатып, оларды ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдеп-ғұрыптарымен таныстырып өзінің отаншыл азамат екенін танытады. Еңбек еткен жылдар ішіндегі елеулі еңбегі ескеріліп Франция мемлекетіне бір ай мерзімге барып ол жақтың өндіріс орындарымен танысып келу құқығына ие болады. Өндірісте еңбек еткен жылдар ішінде жұмыссыздық жою мақсатында жергілікті азаматтарды жұмысқа тартып, отбасыларын асырауларына қол ұшын созады. Олардың ішінде еңбекқор, тындырымды, сауатты азаматтарды қызмет баспалдақтарымен жоғарылауына да өз жәрдемі мен сөз жәрдемі молынан тиеді. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, өткен аптада өндіріс орындарын аралап жүріп жергілікті азаматтардың аузынан Жанғали аға туралы жағымды пікірлер, жылы-жылы сөздер есітіп риза болдым. 2008 жылы «Қызылқұм» біріккен кәсіпорны ЖШС-де кеніш директоры қызметін атқарып Хорасан кенішін іске қосады. Кеніштің сол жолғы ашылауына сол жылдары ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Үкімет мүшелері, Жапония мемлекетінің «Toshiba» компаниясының басшылары қатысып ақжолтай тілек білдіреді. Сол жылдары «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК делегациясының құрамында Жанғали Рысбекұлы Жапония мемлекетіне барып инвесторларға есеп беру, Қазақстанға инвестиция тарту шараларына қатысып нәтижелі жұмыстардың басы-қасында болады.
Жанғали Рысбекұлы 2011 жылдан «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына қарасты «Тау-кен» компаниясы басшыларының ұйғарымымен жаңадан салынғалы жатқан «Орталық Мойынқұм» кенішіне басшылық қызметке келеді. Сол кеніштің іргетасынан бастап қаласып, бүгінгі таңға дейін кенішті абыроймен басқарып келеді. Сонау 1993 жылдан бергі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде көптеген шәкірттер тәрбиелеп шықты. Олардың біршамасы өнідіріс салаларында түрлі басшылық қызметте жүрсе, біршамасы өз мамандықтарының шеберлері ретінде жалпақ жұртқа қарапайым жұмысымен-ақ танылып асқақ абырой биігінде қызмет етіп жүр. Кезінде
М. Жәкішов, В. Школьник, А. Жұмағалиевтердің атынан алғыс хаттар мен Құрмет Грамоталарының иегері атанды. Жоғарыда айтқанымдай Жанғали Исаев туралы қайсыбір өндіріс орындарына барсақ та ұдайы жылы сөз естиміз.
— Менің өндіріс орнына жұмысқа кіргеніме он жылға жуықтады. Жанғали аға барлық жұмыскерлерге өзінің інісіндей, бірге туған бауырындай жанашырлық пен қарайды. Сауатты, ұйымдастырушылық шеберлігі мен іскерлік қабілетіне, адами қасиетіне ризамыз. Өзгелердей жоқ жерден кінә іздеп, сыныққа сылтау іздемейді. Білгенін үйретіп, ағалық ақылын айтып, жиі сабырға, имандылыққа шақырып, жақсы жолға, игі бастамаларға қарай бастап отырады. Ол кісінің бағыт-бағдар беру арқасында өндірістің қыры мен сырын, қилы қалтарыстарын терең білдім. Ол білгенімді өмірде тәжірибеме жараттым, — дейді шәкірттерінің бірі
Осындай жылы лебіздерден кейін Жанғали ағаммен ұялы телефон арқылы хабарласып, алдағы күндерде келе жатқан Атом саласы қызметкерлерінің күнімен ардагер азамат ретінде әріптестерін құттықтауын сұрандым.
-Рахмет інім. Алайда менен де үлкен аға-апаларымыз бар ғой. Дей тұрғанымен барша атом саласы қызметкерлерін айтулы төл мерекелерімізбен шын жүректен ыстық ықыласпен құттықтаймын. Барлық азаматтардың үйлерінде қызықшылық, той-думан, жақсылықтар мол бола берсін. Еліміз тыныш, халқымыз татулық пен ынтымақта болып жақсы күндер жанымыздан табыла берсін! — деді Жанғали аға ризашылық пейілмен барша әріптестерін құттықтап.
Кейіпкеріміз отбасында Қожайқызы Ғалия жеңгеміз екеуі құдайдың берген бірнеше ұл-қыздарын тәрбиелеп, өсіріп, олардан оншақты сүйкімді немерелер сүйіп отырған бақыттың жанұяның иесі.
Уран өндіру саласында ауданымыздан шыққан алғашқы өндіруші мамандардың бірегейі ретінде алпыстың асқарына аяқ артқан Жанғали Рысбекұлына дегдар денсаулық, толайым табыстар, отбасына баянды бақыт, шалқар шаттық, толастамас татулық тілейміз. Кейіпкеріміз айтқандай жанымыз жақсы күндермен жаңара берсін!
Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.