СЫРТҚЫ САУДАНЫҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРҒАНДАР ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Елімізде алға қойған басты ұстынның бірі – экспорт көлемін ұлғайту болып табылады. Осы мақсатта биыл Түркістан облысында белсенді жұмыстар атқарылған. Мәселен, биылғы жылдың 7 айында Түркістан облысының экспорты 413,7 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67,2%-ға артқан. Экспорттың өсуі негізінен Өзбекстанға жеткізілім көлемінің артуымен негізделген.
Бұл ретте аймақта құрылған «Turkistan Invest» фронт-офисінің үлесінің атқарған жұмыстары елеулі. «Turkistan Invest» фронт-офисі инвестиция тартумен қатар облыстағы 49 белсенді экспорттаушы компанияға қолдау көрсетіп келеді.
Яғни, «Turkistan Invest» фронт-офисі «Kazakh Export» акционерлік қоғамымен бірлесіп, өнім экспорттаушы компанияларға экспорт алдындағы қаржыландыруды ұйымдастыру және «КИРИ» АҚ көмегімен импорттаушының төлем өтемеуінен сақтандырып, логистикалық шығындарды төлеу мүмкіндігіне қол жеткізіліп отыр. Осылайша өңірде аймақ экономикасының негізгі қозғаушы күші болып табылатын ірі экспорттаушылардың айналым қаражаттарының жетіспеушілігімен, логистикаға тарифтің үнемі көтеріліп тұруымен және мемлекеттік қолдау туралы хабардар болмауы сынды проблемаларының шешілуі қамтамасыз етілуде.
Жуырда өңірлік экспорттаушылардың аймақтың кеңесі өткізілді. Сол отырыстың тізгін қағары Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев болды. Жиында «Turkistan Invest» фронт-офисі және қаржы институттарының қызметкерлері ірі экспорттаушы компания өкілдеріне өз тараптарынан көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар шаралары туралы сөз қозғап, «бір терезе» қағидасы аясында қолдау көрсету, жеңілдетілген қаржыландыру, сауда орнын іздеу және тағы да басқа мәселелерді талқыға салды.
Бүгінде облысымызда экспорттаушылар үшін барлық ақпараттың қол жетімді болуы қамтамасыз етілген. Мәселен, сыртқы сауданың көзін тауып жүрген кәсіпкерлер сауда алаңында құжаттарды рәсімдеу және тиімді сауда нүктелері туралы барлық ақпаратты turkestanbusiness.gov.kz сайты арқылы таба алады. Экспорттаушыларға жедел әрекет ету және процедуралық мәселелер бойынша кеңес беру мақсатында «Turkistan Invest» фронт-офисі базасында тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай байланыс орталығының болуы жолға қойылған.

М. ӘБДІРАЙЫМ.