ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ШАҚЫРТУДЫҢ ӨЗ ЖӨНІ БАР

Азаматтарға жедел жәрдем көмегін көрсету Қазакстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 450-бұйрығы бойынша жүзеге асады. Бұл көмектің жедел әрі сапалы болуы кез келген азамат үшін маңызды. Бірақ сапалы қызмет алу үшін адамдар тиісті ережелерді қаперге алғаны абзал. Шұғыл көмекке жүгінген тұрғын 103 нөміріне қоңырау шалғанда міндетті түрде науқастың аты жөні, жасы, жынысы, хал-ахуалы, мекен жайы мен телефон нөмірін беруі қажет. Егер оқыс оқиға немесе апатты жағдайларға тап болса, оқиға болған жерді, алған жарақаттар туралы толық мәліметті хабарлау керек. Содан соң ғана диспетчер алынған мәліметті шақырту санатына байланысты сұрыптап, оны жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырады. Бұл процесс бес минуттық уақытты құрайды.
Жедел жәрдем бригадасын шақырғанда азаматтар аурудың белгілерін толық әрі нақты баяндауы қажет. Ол медициналық көмек көрсетуді жеңілдетіп, келу уақытын қысқартады. Үйдің подьезіне дейінгі жолда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, қай жерден айналып өтуді ескертуді естен шығармаған жөн. Үй нөмірін нақтылап, қайталап айту да артық болмайды. Мүмкіндігіңіз болып, бригаданы қарсы алуды шешсеңіз оларды қай жерден күтіп алатыныңызды да алдын ала хабардар етуді ұмытпаңыз.
Бұдан бөлек, үйде науқас жатқан жерге дейінгі жолды өзге заттардан тазарту керек. Егер қолда үй жануары болса, оны басқа бөлмеге қамап кою шарт. Себебі, медицина қызметкерлерінің өміріне ешқандай қауіп төнбеуі тиіс. Науқастың жеке басын куәландыратын құжат, бар болса, ауруханадан шыққаны туралы мәлімет қағазын және денсаулығына қатысы т.б құжаттарын дайындап қою керек.
Жедел жәрдем шақыру науқастың ауру нышанына және жеделдігіне қарай 4 санатқа топтастырылған. Әр санат бойынша жедел жәрдемнің жету уақыты белгіленген. Мәселен, I-санат бойынша жедел жәрдем науқасқа 10 минутта жету қажет болса, II-санатта 15 минут, III-санатта 30 минут , IV-санатта 60 минут уақытта болуы міндеттелген.

К. Акимбаева,
Н. Таутеева,
Шымкент қалалық жедел жәрдем стансасының
қызметкерлері.