БАЛАНЫҢ БАСТЫ УАЙЫМЫ – АТА-АНАНЫҢ АЖЫРАСУЫ
Жастарды алаңдатқан мәселе не? Одан келер қауіп
қандай? Және оны жоюдың жолы
қайсы?
Дәл осындай сұрақтардың шешімін іздеп, санасы сан саққа, көңілі әр жаққа қарай ауған жасты жолынан жаңылдырмай, оң бағыт беру үшін Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығында «Психологиялық көмек және күйзелістің алдын-алу» бөлімі жұмысы жолға қойылған. Ондағы психолог мамандар моральдық көмек алуға келген жастарды жылы қабылдап, оларды толғандырған мәселелерінің шешімін табуға атсалысады.
Жуырда орталықтағы сол бөлімнің мамандарына жастардың көбіне көп қандай мәселелер бойынша көмек сұрап келетіні мәлім етілді. Әрбір ата-ана сол ақпараттан айналып өтпей, хабардар болуы керек, Ендеше, назар салыңыз.
Бүгінде үшінші мегаполистегі жастардың біразы отбасындағы ауан туралы мәселелер бойынша психологтардың көмегіне көп жүгінеді екен. Ата-ананың ажырасуы, олардың арасындағы текетірес жастардың жүйкесіне жүк түсіретіні белгілі болған. Ал өтпелі кезеңнің соңғы сатыларынан өтіп жатқан 15-18 жас аралығындағылар мамандарға «ата-анамыз бізді түсіне бермейді» деп мұңын шағатын жағдайлар көп тіркелген.
Мамандар отбасындағы ересектердің қай-қайсы болмасын ішімдік ішуге бүйірі бұрып тұрса, яғни, тәуелді болса отбасылық дағдарыс күшейе түсетінін қынжыла жеткізуде. Қыз бен жігіт арасындағы түрлі жағдайлар бойынша сыр алдырып, өзін толғандырған тақырыптарды еркін талқылауға келетіндердің де қатары өскен. Сарапшылар мұны психолог мамандардың жастар көңіліне сызат түсірмей, сенімдерінен шыға білгенінің жарқын мысалы деп түйеді.
Дей тұрғанмен жастардың барлығы психологтарға келіп, ақтарыла бермейтіні анық. Бірақ та оларға келелі кеңес айтып, дем беріп, дұрыс жолдың бағытын көрсеткен абзал. Осы тұрғыдан алғанда Жастар ресурстық орталығындағы психолог мамандар қаланың мектептерінде, колледждер мен университеттерде семинар-тренингтерді жүйелі түрде өткізеді. Басты мақсат – жастарды тура жолдан тайдырмау. Жігерін жандырып, жақсы бастамаларға, игі тірліктерге ұйыстыру болып табылады.
Қ. ҚАЛИЕВ.