БАСТЫ МАҚСАТ – АЗАМАТТАРДЫ ТҮЗЕУ

Шымкенттегі ИЧ 167/11 түзеу мекемесіндегі ең негізгі бағыттардың бірі – жазасын өтеп жатқандарды түзеу, олардың жақсы істерге бет бұруына ықпал ету болып табылады. Осы мақсатта мекемеде спорттық шаралар, мәдени-әдеби бағыттағы жиындар жүйелі өткізіледі. Солардың бірі тамыз-қыркүйек айларында өткізілген дойбы ойынынан мекемеішілік жарыстың өткізілуі еді.
Қатысушыларды сергіткен бұл жарыс өте тартысты өтті. Ептілік, қырағылық, шапшаңдыққа баулитын жарыста Д. Балабеков, Ф. Азимов, О. Мехтиев сынды ойыншылар жеңімпаз атанып, алдыңғы шепке шықты. Мекеме басшылығы олардың көрсеткен ойындарына оң бағасын беріп, жарысты тамашалаған көрермендер атынан алғыс айтты. Ал ойыншылар да түзеу мекемесінің басшылығы мен қызметкерлеріне ішкі тәртіпті қамтамасыз етуді осындай тәрбиелік мәні бар жиындармен, қызықты жарыстармен және өзге де игі шаралармен сабақтастыра отырып іске асыратынына ризалық танытты.
Жалпы түзеу мекемесінде алдын ала дайындалған жоспарлар бойынша қолға алынатын мұндай жұмыстар арқылы жазасын өтеп жатқан азаматтардың моральдық-рухани келбеті дұрыс бағытқа түсіп жатса, мұны біздің мемлекет алдындағы басты міндетіміздің орындалғаны деп білеміз.

Айдос ЕСЕНАЛИЕВ,
ИЧ-167/11 түзеу мекемесінің
әділет-майоры.