Еңбек испекциясы өндіріс еңбекшілерімен пікірлесті
Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы облыстың кәсіпорындары мен мекемелеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында жиі іс сапарларға шығып тұрады. Осы аптаның бейсенбі, жұма күндері Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбеков Созақ ауданында болып, аумақты атырапты алып жатқан «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясына қарасты «Аппақ», «Инкай», «Катько» жауапкершігі шектеулі серіктестігі мен «Батыс Мыңқұдық» кеніштерін аралап еңбек ұжымдарында жұмысшылармен әңгімелесіп қайтты. Өндіріс ошақтарын аралаудағы мақсат еңбек қауіпсіздігі, жалақының уақтылы берілуі, еңбек демалыстары, сыйақы төлеу сияқты мекеменің ұжымдық шарттарында көрсетілген әлеуметтік жеңілдіктер мен жұмысшылардың тиемелді мүмкіндіктерінің орындалуы, жұмыс беруші мен жұмыскерлердің арасындағы келіспеушіліктердің алдын алу жұмыстары төңірегінде пікір алмасты. Сондай-ақ соңғы кезде өндіріс орындарын «шет елдіктер, оның ішінде қытайлықтар басып қалыпты» деген қауесетке байланысты мән-жайларды анықтау болатын. Мысалы, облыс көлеміндегі шет елдік компанияларда 9284 жұмысшының 147 –сі шет елдіктер, олардың көбісі арнайы мамандар. Ал Созақ ауданында «Инкай» ЖШС-де 704 адамның, ал «Аппақ» ЖШС-де 295 жұмысшының 1-еуі ғана шет елдік болып тұр. Бұрын көптеу болғаны рас. Кейін олардың қасында жергілікті азаматтарды қосып, тиісті саланы үйреніп, кеткендердің орнын басып маман болып қалып жатқандар бар.
Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Алмасбек Мамытбековтің айтуы бойынша қазіргі таңда компаниялар шет елден қалай болса солай мамандарды әкеле алмайды. Еңбек министрлігінің жергілікті облыс, аудандардағы өкілдіктерінде (Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, бөлімдері) арнайы комиссия болады. Сол комиссияға компаниялар «маған мынандай мамандық иесі керек» деп өтініш жазып сол өтініш бойынша мамандар шет елден квотамен келеді екен. Және оны сол комиссия отырысында қарайды.
«Еңбек заңнамасы көбіне жұмысқа қабылданған қызметкерлермен еңбек шарттарының жасалмауы, еңбек шартын заңсыз бұзушылық, жалақының уақытылы төленбеуі сияқты фактілер бойынша бұзылады. Еңбек қатынастары саласындағы заң бұзушылықтар жұмыс берушілердің ҚР еңбек заңнамасын білмеуі, оны оқып-үйренуге талпынбауы, жұмыс берушілердің осы мәселеге жеткілікті көңіл бөлмеуі салдарынан орын алуы мүмкін», – деді Алмасбек Кеңесбекұлы.
Сондай-ақ шет елдік компаниялар мен мекемелерде қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтары мемлекеттік тілде жазылып, ілінбей, қажетті нұсқаулық шет тілдерінде болып, жұмысшылар ол тілді білмегендіктен еңбек қауіпсіздігін бұзуға ұрындырып жатады. Созақ ауданынан 2019 жылдың соңғы жеті айында еңбек инспекциясына 29 өтініш тіркелген. Оның ішінде 15 өтініш жеке тұлғалардан, 14 өтініш заңды тұлғалардан түскен. Олардың 2-білім, 1 денсаулық, 12-өндіріс орындарынан түсіп осы өтініштер бойынша 14 тексеру жүргізілген. Шет елдіктер квота бойынша шақырылғанда 1 санат басшы мамандар, 2 санат-инженерлер, 3-санат орта буын мамандар болып бөлінеді екен. Жалпы Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы тарапынан есепті кезең ішінде мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек заңнамасын түсіндіру бойынша ұжымдармен кездесулер, семинар-кеңестер өткізіп келеді. Мемлекеттік еңбек инспекторларының азаматтардың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын уақытылы қарауы – әлеуметтік даулар мен қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алуда айтарлықтай рөл атқарады. Осы уақытқа дейін облыс көлеміндегі көптеген азаматтың арыз-шағымдары мен мекемелердің хаттарын қарап, олар бойынша заң аясында шаралар атқарылған. Өндіріс ошақтарын аралап жүріп облыстың бас еңбек инспекторы ұжымдық шарттардың әрбір ұжымда болуы керектігін баса айта отырып, өндірістердегі кәсіподақ комитетінің төрағаларымен де ұсыныс-пікірлер алмасты. Жұмысшылармен жүздесу барысында Түркістан облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының бас маманы Мадияр Баяндиев, Қыземшек кентінің әкімі Ержан Жұмабаев, бас маманы Қалдыбек Тұрар, «Батыс Мыңқұдық» кенішінің директоры міндетін атқарушы Нұрлан Қалиақпаров, маманы Бағдат Махмутов, аталған серіктестіктердің техника қауіпсіздігі басшылары өз ойларын ортаға салды. Сондай осы өндіріс орнының жұмысшысы Жылгелдиев Жасұлан есімді азамат өзінің сегіз жыл Семейде тұрғанын, қазірде тұратынын бірақ Семей полигонының зардабын тартқан азамат ретінде арнайы жәрдемақы ала алмай жүргенін айтты. Оған жәрдемақы төленбеу себебі өзі тұратын өңірдегі уәкілетті орган қызметкерлерінің айтуынша ол «басқа ауданда өндіріс орнында жұмыс істейтіндігі» себеп болса керек. Бұл жөнінде мамандар қосымша зерттеп, зерделеп өтініш иесіне хабарын айтатынын жеткізді.
Мақсат Қарғабай.