МЕДИЦИНА САЛАСЫНДА МӘРТЕБЕЛІ МАМАН КӨП

Функционалдық қажу салдарынан кейбір адамдар үшкіл жүйке жүйесінің невралгиясына шалдығып жатады. Әдетте бұл кесел бет бұлшық еттерінің шаршауы, қартаю кезіндегі дұрыс күтінбеу, қан айналымының нашарлауы, жүйке талшықтарының зақымдануы және т.б жағдайларда болады. Осы күнге дейін күнгейліктер бет ауыздың формасын бұзатын мұндай сырқаттың емін табу үшін Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына барып ем алатын. Енді ондай сабылыс сап тиылатын болады. Алдағы күндерден бастап мұндай науқастарға Шымкенттегі облыстық клиникалық аурухана дәрігерлері заманауи аппараттармен ота жасайды.
Жуырда жүйкеге жасалатын отаның дәл осы бағытын дамыту мақсатында арнайы мамандар Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке келді. Мақсат – тәжірибе алмасу арқылы, сапалы қызмет көрсету аясын кеңейту. Өз кезегінде елордадан келген алтын қандауырлы дәрігерлер шымкенттік әріптестеріне жоғарыдағыдай сырқатқа шалдыққан науқастарға жасалатын отаның қыр-сырын үйретті. Соның негізінде екі мегаполистің машықты мамандары бірігіп, бірлесе бірнеше операцияны сәтті жасады.
Жаңа аппаратурамен жасалған отадан кейін, науқасқа палатада бірнеше күн жатудың қажеті жоқ. Себебі, ем-дом жеңіл әрі наркозсыз өтеді. Бұл операцияның өзге оталардан ерекшелегі де осында.
Десе де, ауруды емдегеннен гөрі оны алдын алған әлдеқайда абзал. Мамандар адамдар үшкіл жүйке жүйесінің невралгиясына ұшырамас үшін салауатты өмір салтын ұстанып, өзін күтінуге кеңес береді. Жалпы бұл дерт асқынған жағдайда науқас бет құрылыстарын тіспен жаңылыстырып жататынын, сондықтан да бет құрылыстарында ауырсыну болса шұғыл түрде дәрігерге көріну керектігін алға тартады.
Жалпы биыл Шымкенттегі медицина саласында оң өзгерістер көп байқалып келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында бауырдың туыстық трансплантациясы отасын №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай бастаған команда 5 сағат 48 минутта жасап, еліміз бойынша рекорд жаңартқан болатын. Бұған дейін мұндай күрделі ота 13-тен 18 сағатқа дейін созылатын.
Мұнымен қатар, шілде айында Шымкентте жүктіліктің 16-шы апталығындағы келіншектің жүрегіндегі эхинакок кистасы хирургиялық жолмен алып тасталды. Жүрекке жасалған дәл мұндай ашық ота түрі Қазақстанда құрсағында баласы бар әйелге бұрын-соңды жасалмаған. Бірақ күнгей дәрігерлері нар тәуекелге бел буып, осындай күрделі отаны қолға алды. Нәтижесінде Шымкенттегі кардиологиялық орталықтың директоры Ермағанбет Қуатбаев, кардиохирург Бауыржан Сайлаубекұлы, реаниматолог Бекжан Перменов, дәрігер перфузиолог Жәнібек Абширов сынды білікті мамандардан құралған команда отаны сәтті аяқтап, ана мен бала өмірін сақтап қалды.

М. ӘБДІРАЙЫМ.