ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДЫ ЖАРИЯ ЕТПЕУ – ІЗГІЛІК
Биыл он екінші рет ұйымдастырылып жатқан «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы Шымкентте өз деңгейінде өткізілуде. Кәсіпкерлер мен демеушілер осы шараға атсалысып, балалардың жүзіне шаттық нұрын сыйлаудан еш аянып жатқан жоқ. Мұның өзі көңілге қуаныш ұялатады.
Пейілі кең, қолы жомарт жандардың демеуімен Шымкент қаласы, Абай ауданы әкімдігінің ғимаратында 100 балаға мектеп сөмкесі тарту етілді. Өз кезегінде ата-аналар жауапты күн қарсаңында назардан тыс қалмай, үлкен қолдауға кенеліп жатқандарына шын алғыстарын білдірді. Ал 1-қыркүйек Білім күнін асыға күтіп жүрген оқушылар болса, қамқор ағаларының құрметіне арнап, өз өнерлерін паш етті. Бірі белгілі ақын-жазушылардың өлеңдерін жатқа айтса, енді бірі әннен шашу шашты. Жиынға арнайы қатысқан Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов базарлыққа қуанған балаларға «дәрісті жақсы оқып, күнделікті беске толтырыңдар» деп игі тілегін білдірді.
Жалпы мегаполистегі Абай ауданында көп балалы 10 мың отбасы бар. Олардың тең жартысының әлеуметтік ахуалы аз қамтылғандар қатарында. Оларға дем беріп, қолдау көрсету тек осы шарамен шектеліп жатқан жоқ. Жыл басынан бері 1150 отбасының қайырымдылық көмекпен қамтылуы соның айғағы.
Аудан әкімі Бұхарбай Парманов осы деректерді айта келе, «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында 300 отбасыға қолдау көрсету жоспарланғанын жеткізді. Сонымен қатар ол:
– Жалпы осындай қайырымдылық шаралар әкімдіктің бастамасымен өткізіледі. Ал олардың ойдағыдай жүзеге асуы кәсіпкерлердің ықыласына көп байланысты. Бір қуанарлығы аудандағы кәсіпкерлер, қолы жомарт жандар біздің ұсынысымызды шын пейілмен қабылдап, аз қамтылған жанұялар үшін көмек жәрдемін аямайды. Бұл үшін біздің алғысымыз зор. Тағы бір айта кетерлігі олардың көпшілігі атын атап жатуды әбестік деп санап, жомарттықтарын жұртқа жария етпеуді сұрайды. Мұның өзі ең ізгі амалдардың бірі емес пе?, — деді.
М. ӘБДІРАЙЫМ.