САҚШЫЛАР САҚАЛ ҚОЙҒАНДАРДЫ СЕНДЕЛТТІ
Кешегі аптаның жұмасында Ташкенттегі «Малика» атты базарда тәртіп сақшылары ондаған ер азаматты жергілікті жердегі бөлімшелеріне алып кеткен.
Қаладағы ең ірі базарлардың бірі саналатын мұнда электроника өнімдері сатылады. Ұсталғандар ешқандай тәртіп бұзбаған. Тек сақалдарын өсірген. Милиция бөлімшесіне жеткізілген оларға қызыл жағалылар сақалдарын алып тастауға мәжбүрлі түрде көндірген. Егер бұл талапты орындамайтын болса, түрмеге тоғытылатындарын ескерткен.
Бұл туралы Орталық Азия жаңалықтары жазады. Өз кезегінде осы жағдайдың тікелей куәсі болған азамат журналистерге берген мәлімдемесінде бөлімшеге жеткізілгендердің бірқатары сақалдарын қырып, үйлеріне кеткенін, бұл талапқа көнбегендер сол жерде қалғанын айтқан. Сонымен қатар ол, келеңсіз жағдайдың куәсі болғандардың «сақал қоюға тыйым салынған заңды көрсетіңіз» деген талаптарына полицейлер ешқандай құжат көрсетпегенін де тілге тиек еткен.
Өз кезегінде Өзбекстанның мұсылмандар діни басқармасы құқық қорғау органы қызметкерлерінің мұндай әрекетімен келіспейтінін ашық түрде мәлімдеп, «сақал қою әрбір мұсылман үшін – сүннет» дегенді алға тартуда. Ал құқық қорғау органы болса бұл әрекеттері туралы қандай да бір ресми мәлімдеме беруге асығар емес.
Орталық Азия жаңалықтары