Нұрбол Тұрашбеков: «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ДЕГЕНІМІЗ—ЖАҢАРУДЫҢ АЛҒЫ ШАРТЫ»

«Түркібасы – тұлпарлар туған жер, сұңқарлар – қонған жер» деп Шерағаң айтып кеткен Түлкібас ауданы жуырда өзінің төрге шыққан тоқсан жылдығын атап өткені белгілі. Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы секілді қазақтың тарихына тайға таңба басқандай айқын із қалдырған біртуар ұлдарының кіндік қаны тамған қастерлі мекеннің тарихы қалыңдай түскен осынау айтулы күн қарсаңында ауданның алар асуы, бағындырар биігі мол екеніне негіз болар тірліктер сараланып, алдағы жоспарлар нақтыланды. Аудан әкімі Нұрбол Тұрашбековпен болған сұхбатта біз сол игі бастамалардың жүзеге асар күнінің ауылы алыста емес екеніне тағы бір көз жеткізіп қайттық.


– Нұрбол Әбдісаттарұлы, жуырда Сіздер Түлкібас ауданының 90 жылдық мерекелік тойын тойладыңыздар. Салтанатты жағдайдағы іс-шара ел есінде қандай игілігімен есте қалды?

– Биыл текті тұрақ – Түлкібастың 90 жылдығы ел есінде қаларлықтай атап өтілді. Бұл бағыттағы жұмыстарға біз өз деңгейінде дайындалдық. Төрдегі жас тоқсан жылдықты атап өтудегі мақсатымыз аста төк той тойлап, даңғайыр дастархан жаю емес. Өткенге салауат айтып, келер күннен игілік күту. Осынау ұлы мақсатқа халықты ерту болып табылады. Оның үстіне «Өткендерін еске алған — өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан — өшкендіктің белгісі» деген қастерлі сөз бар емес пе?! Осы мақсатта біз ауданның негізі қаланғаннан бастап, бүгінге дейін яғни, тоқсан жылдық жылнамасын қамтитын «Түлкібас» атты кітапты жарыққа шығардық. Онда Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен жерінде орын тепкен құт мекеннің аудан болып құрылғаннан бергі осы кезге дейінгі қалыптасуы, қоғамдық-саяси өмірде болып жатқан әрқилы өзгерістерге бейімделуі, түрлі саяси жүйелердің қыспағына жұтылып кетпей, ел, жер болып оны еңсеруі, Қазан төңкерісі, саяси қуғын-сүргін, Екінші Дүниежүзілік соғыс сынды жұттарға жұтылып кетпей, бойын жинап, қиналысты кезеңдерді жеңе білуі, жаңашылдыққа ұмтылып, дамуға аяқ басқан тұстары туралы тарқатылған. Және оған зор қолтаңба қалдырған азаматтар жөнінде мағлұматтар жазылған. Мұның барлығы аудан халқының, соның ішінде өскелең ұрпақтың көңіл тақтасында көрініс табуы олардың патриоттық сезімін нығайта түсетіні анық.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әр кіргізген, «бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» деген теңеуге әбден лайық аналарымыз, әпкелеріміз, қыз-келіншектер туралы журнал шығардық. Бұл журналда ақ босаға аттап, басына ақ жаулық таққаннан бастап, келін болып түскен шаңырақты балаға толтырып, отбасының қабырғасын қалыңдатқан Алтын алқа, Күміс алқа иегерлері, аузынан тәубесі мен өнегесі кетпеген әжелеріміздің өмір жолдары қамтылды.
Өткенге салауат айтқанның нышаны болған ауданның тоқсан жылдық тойында біз осы жердің шаңын жұтып, суын ішкен, дүниеде өз кетігін тауып, еліміздің әр қырында еңселі еңбек етіп, өмірде өз орнын иемденген ардақты азаматтарымызды сауын айтып шақырттық. Солардың қатысуымен ауданда көптеген нысандар ашылып, біршамасы қайта жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілгенінің куәсі болдыңыздар. Атап айтқанда, 41 млн, теңгеге қайта жөндеуден өткен Түркібасы әулие нысаны, Түлкібас темір жол станциясында М. Тынышпаев пен Т. Рысқұловқа арналып жасалынған ескерткіш, күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйі, абаттандыру жұмыстары жүргізілген саябақ және өзге де нысандар пайдалануға берілді.

– Иә ауданның тоқсан жылдығы қарсаңында көркі кетіп, қайта жөндеуді қажет етіп тұрған көптеген нысандардың жаңарып пайдалануға берілгенінің куәсі болдық. Соның бірі ауданның күре жолдарын жалғап тұрған, осыған дейін апатты жағдайда болған республикалық маңыздағы көпірдің күрделі жөндеуден өткені дерсің. Енді айтыңызшы осы жылы ауданда құрылысы аяқталып, көзайым жаңалық ретінде ел игілігіне берілетін нысандар осымен түгесіліп қалады ма? Әлде…

– Ауданда қазіргі таңда тұрғын үй құрылысы бойынша құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатқаны белгілі. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені, 1608 адам тұрғын үй бойынша баспана кезегінде тұр. Олар аз қамтылған отбасылар, жалғызілікті аналар, мүгедек жандар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған азаматтар. Осыған орай Састөбеде 32 пәтерлі екі көпқабатты, аудан орталығы Т. Рысқұлов ауылында бес көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін Састөбедегі екі көп қабатты тұрғын үйдегі 64 пәтердің кілті өз иелеріне тапсырылатын болады. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірқатарының құрылысы аяқталады. Сөйтіп жыл аяғына дейін барлығы 128 пәтерде қоныстой тойланады деген жоспарымыз бар. Ал кезекте тұрған өзге де адамдардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында біз келешекте Түлкібас поселкесінен 10, Састөбеден 5, аудан орталығынан 3 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді межелеп отырмыз. Егер бюджеттен қаржы бөлініп жатса, бұл нысандардың құрылысы 2019, 2020, 2021 жылдарға өтпелі болады. Сөйтіп 1608 адамның өтінішін біз 2021 жылы толық қанағаттандырамыз деген үміттеміз.


– Түлкібас ауданындағы ауылдардың барлығына көгілдір отын алаулатып жеткізілген. Үш ауысымда мектеп бұл жерде жоқтың қасы. Осы бір жетістігімен ол облыс тұрмақ республика бойынша ерекшеленіп тұр.

– Ауданда 60 елді мекен бар болса, соның 98,8 пайызы яғни, 58 елді мекеннің барлығы көгілдір отынмен қамтылған. Қалған екі ауылға табиғи газдың жеткізілуінің ауылы біршама алыс болып тұр. Дегенмен, осы мәселені де ретке келтіру үшін аталған екі ауылға табиғи газ жүйесін тарту үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Оған мемлекеттік сараптама алу үстіндеміз. Жобаға толық оң қорытынды берілсе, ол жақтағы тұрғындар да инфрақұрылымның осы бір игілігін көретін болады. Аудан бойынша табиғи газ жүйесінің жалпы ұзындығы 1051,0 шақырымды құрайтынын айта өтейін.
Ауданда үш ауысым жүйесінде білім беретін мектеп жоқ екені әрине кеуде керерлік көрсеткіш. Бірақ екі қолды бос қойған тағы болмайды. Себебі, ауданымыздағы Т. Рысқұлов ауылында халық тығыз орналасқан. Және онда жергілікті халықтың демографиясында жыл сайын өсу динамикасы байқалып келеді. Қазақтың көбейгені қуаныш қой. Солай екен деп арқаны кеңге салып жүре берсек, бірнеше жылдан соң ондағы мектептердің бірқатары үш ауысымды жүйеге амалсыз көшуі мүмкін. Оны болдырмас үшін қазіргі таңда республикалық бюджеттің есебінен 600 орындық мектептің құрылысы басталып кетті. Келесі жылы ол пайдалануға беріледі. Бұдан өзге, Келтемашат, Түлкібас, Машат ауылдарындағы біршама мектептердің жанынан қосымша ғимараттар салынатын болады. Алдағы екі жылда бұл жұмыстар толық орындалып, аяқталатын болса, біз балалардың көңіл-қошын бұзып, берекесін кетіретін үш ауысымды жүйемен
бетпе-бет келмейтін боламыз.

– Ауылшаруашылық саласын одан әрі алға жылжыту үшін ауданда каналдардың су өткізгіш қабілетін арттыру яғни, жөндеу жұмыстарын жүргізу міндеті алға шығатыны белгілі. Осы бағытта ауданда биыл атқарылған тірліктер, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстар жөнінде айта кетсеңіз.

– Бізде 572 шақырымды құрайтын 111 каналымыз бар. Сол каналдардың басындағы тоғандарды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар толық аяқталып, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілді. Соған орай тиісті жұмыстар басталып кетті. Ол жүзеге асса суармалы алқаптарға су көзі бейпіл баратын болады. Қазіргі таңда ауданда 65400 гектар егістік жеріміз бар болса, соның 15500 гектары суармалы. Бірақ каналдардың су өткізгіш қабілетінің төмендігінен ол аумақтарға тіршілік көзінің баруы қанағаттанарлықтай деңгейде бола бермейді. Тоғандарды жөндеуден өткізу сол түйінді тарқатады.
Естеріңізде болса Елбасымыз өзінің 2017 жылғы Жолдауында егіс алқабындағы суармалы жерлердің көлемін 40 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта біз алдағы төрт жылда нақтылы межеге қол жеткізудің жоспарын түздік. Соның негізінде 514 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Ол «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мекемесіне жіберілді. Соған сәйкес қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары жүргізілуде. Келесі жылы осы жұмыс іске асса 1115 гектар жер қосымша суармалы жер болып енеді.

– Қазіргі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай дамығандығын айтып жүрсіз. Осы бойынша мәлімет бере кетсеңіз… Түлкібастың өндірісі, мал мен егін шаруашылығында қандай көзайым жаңалықтар орын алып жатыр?

– Ауданда 1 ірі, 4 орта, 23 кіші және 4 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың барлығы аудан экономикасының алға қарай ілгерілей түсуіне септесін болып жатыр. Оның ішінде белсенді жұмыс атқаратыны – 20, мезгілді жұмыс атқаратыны – 10. Кәсіпорындарды атқаратын жұмыс бағыттары бойынша саралайтын болсақ, тамақ өнеркәсібінде – 10 кәсіпорын, құрылыс материалдары өнімдерін өндіру саласында – 8, кен өндіру саласында – 6 болса, қалғаны басқа тауар өндіруші санатында.
Ауыл шаруашылық өнімі бойынша осы жылдың тоғыз айында 25 млрд. теңгенің өнімі дайындалды. Жыл жабар желтоқсанда бұл көрсеткіш 33-34 млрд. теңгеге жетеді деген сенімдеміз.
Түлкібас дегенде ең алдымен еске түсетін жәйт — оның алмасы. Бізде алма бауын дамыту жағы жүйелі дамып келеді. Қазіргі таңда ауданда 3077 гектар алма бауымыз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында бұл көрсеткіш бар болғаны 919 гектар болған. Содан бері оның аумағы 2158 гектарға арта түсті. Осы алма бауынан терілген өнім көлемі өткен жылы 23 мың тонна болса, биыл 25 мың тоннадан аса өнім жинаймыз деген ойдамыз.

– Әлгінде Түлкібастың бренді – оның алмасы екенін айтып өттіңіз. Сіздер биыл алма бағынан 30 мың тоннаға жуық өнім жинауды жоспарлап отырсыздар? Жалпы оларды кәдеге жарату жағы қандай болмақ? Бүгінде ауданда алманың қандай түрлері өседі? Олар қандай елдерге экспортталады?

– Алмадан шырын дайындау ісімен айналысатын екі-үш цехымыз бар. Оларды тағы да дамыту жағы күн тәртібінде тұр. Олардың өнімділігін нығайту алдағы күннің еншісінде. Бізде алманың Голден Делишес, апорт, семирянка сорттары өсіріледі. Олар Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды облыстарына сатылады. Экспортқа шығарылмайды. Өйткені, өнімдеріміз ішкі нарықтың сұранысынан артылмайды.

– Жалпы ауданда алманы сақтайтын сыйымдылығы үш жарым мың тоннаны құрайтын қойманың бар екені белгілі. Бұл тиісті қажеттіліктерді өтей алады ма?

– Жыл аяғына дейін «Кен-Тау» ЖШС сыйымдылығы екі мың тоннаны құрайтын қойма ашпақ. Дегенмен де, ол алманы сақтау бойынша қажеттілікті толық өтей алмайды. Сондықтан да біз алдағы жылдары алма сақтайтын қоймаларды салуды қолға алатын боламыз. Ол міндетті түрде қажет. Өйткені, алма көшеттері отырғызылған соң, екінші жылы ол нышан көрсетеді. Үшінші жылдан бастап толық жеміс бере бастайды.

– Ендігі сөз тізгінін ауданның ауылшаруашылық саласындағы өзге де жетістіктері мен жай-күйін тарқатып айтуға бұрсақ.

– Түлкібастың климаты төрт түлікті баптауға өте қолайлы. Жаңғақ, бидай, мақсары өсіруден де көл-көсір пайдаға кенелуге болады. Осы мақсатта биыл 44 гектар жерге жаңғақ егілді. Мақсарының әр гектарынан 15, бидайдан 22 центнерден өнім алуымыз сол сөзімізге негіз.

– Ал Түлкібас алма өсіруден бөлек, тағы қандай тың тірліктерді атқаруға қолайлы аумақ?

– Егер істің көзін таба білетін адам Түлкібаста жаңғақ егуді қолға алса, капиталға шығатынын нық айта аламын. Ауданның табиғаты аталған өнімді өсіруге өте ыңғайлы.

– Аудан халқының ауқатты болуында бюджетке түсетін салық түсімдері де ерекше мәнге ие. Осы бойынша деректерді алға тарта кетсеңіз.

– Қазіргі таңда ауданда негізгі салық түсімі үй, жер, көлік сынды жылжымайтын мүліктерден келіп отыр. Осы бағытта қазынаға 75-80 млн. теңге қаржы түсірдік. Бірақ бұл көрсеткішке жету үшін біз ауданда жылжымайтын мүліктер бойынша тиісті салықтарын төлемей жүргендердің тізімін жасадық. Мәселен, ауданда 45 мың көлік бар болса, соның 5088-нің салық төлемей келгені анықталды. Соның негізінде оларға ескерту берілді. Нәтиже шығармағандардың ісі сотқа өтті. Осындай құжатқа қырағылық пен тірлікке тиянақтылықтың арқасында жылжымайтын мүлік салығы бойынша салық түсімінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда 102-103 пайызды құрады. Шаруа қожалықтарына да сәйкестендіру жұмыстары жүргізілді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандағы Түркібасы әулие, Тамшы әулие, Ақтас әулие сынды орындар жергілікті жердегі тарихи маңызы бар нысандар тізіміне енгені белгілі. Осы нысандар төңірегінде тарих қандай сыр шертетіндігі туралы мазмұнды әңгіме өрбітсеңіз.

– Түлкібастағы төрт нысан облыс бойынша жергілікті маңызы бар қасиетті орындардың тізімінде енген болатын. Олар Түлкібас ауданы, Т. Рысқұлов ауылынан 2 шақырым, Азаттық ауылында, Шымкент-Алматы автомобиль жолының сол қапталындағы беткейінде орналасқан – Түркібасы әулиесі, Түлкібас ауданы, Кершетас ауылынан 12 шақырым оңтүстік шығыста, Лагерь шатқалында орналасқан – Тамшы әулие, Түлкібас ауданы, Керейт ауылында орналасқан –Ақтас әулие, Түлкібас ауданы, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында орналасқан – Қасқабұлақ жартас беті суреттері. Қазіргі таңда осы нысандардың үшеуіне абаттандыру, ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Жалпы бұл нысандар туралы ел аузында сақталып келген әртүрлі аңыз әңгімелерге зер салсаң, Түлкібас төрінің құт дарыған мекен екенін терең түсініп, ерекше қанаттана түсесің. Аудандағы киелі де қасиетті жерлер туралы ел аузында сақталып келген әңгімелердің барлығын біз өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауымыз қажет. Мұның өзі олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін еселей түседі. Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басты мақсаттардың бірі.

– Табиғаттың ауданға тартқан сыйы көп-ақ. Түлкібастың саф ауасы, керемет көрінісі, аспанмен таласқан тау етегі, Ақсу-Жабағылы қорығы бар. Бұларға «Шұбайқызыл шоқысы» төбесін қосыңыз. Осы мекендердің барлығы кез келген туристерді өзіне еріксіз тартатыны анық қой…

– Дұрыс айтасыз. Жалпы ауданда туризмнің әлеуетін арттырудың мүмкіндігі мол. Бір ғана «Шұбайқызыл төбесінің» өзі неге тұрады? Көктем келіп, қырдан қар жылыстағаннан кейін ондағы 22 гектар алқаптың қызыл қызғалдақпен көмкерілуінің өзі кез келген туристті қызықтыра түседі. Одан да өзге туристерді тарта түсетін орындарымыз жетерлік. «Ақсу-Жабағылы» ұлттық паркіміз де ауданның туризмін дамыта түсетін орынның бірі. Біз ауданның туристік әлеуетін арттыру мақсатында туризм картасын дайындауды бастап кеттік. Сондай-ақ, спорттық туризмді дамыту бағытында Түлкібас поселкесінен бастап Жабағылы ауылдық округінде орналасқан «Асел» турбазасына дейінгі 22 шақырым аралыққа веложол құру жобасын жасаудамыз. Ол 2020-2021 жылдары іске асады деп күтілуде. Егер ол веложол салынса аудан халқының салауатты өмір салтын ұстанудағы бетбұрысы арта түседі. Және бұл нысан түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылатын орын мен ойыншыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне сеп болатын жаттығу алаңына айналатын болады. Осы ретте биыл ауданға келген туристердің саны 5000-ға жуықтағанын атап өткім келеді.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасы қолға алынған болатын. Осы жоба негізінде ауданның дамуына қолдан келер көмегін аямай тұрған ақеділ азаматтардың жомарттығы жөнінде айта кетсеңіз.

– Састөбе ауылының топырағына аунап-қунап өскен Мұхтар деген ағамыз өз қаражаты есебінен аталған ауылға бірнеше ойын алаңшаларын салып берді. Облыстық мәслихаттың депутаты Өркен Есей спорт пен мәдениет саласын дамытуға үлес қосып келеді. Аудандық базарымыздың басшысы Жаңабай Қарақұлов осындағы жағдайы төмен азаматтарға көмек беріп жүретінін айта кеткен артық болмас. Осы сынды мысалдарды айта берсең жетерлік. Бірақ бұл азаматтардың «жақсы адам көргенін айтады, жаман адам бергенін айтады» деген ұстанымда болғандықтан, олардың жомарттық істерін тарқатып айтуды артық деп санаймын.

– Елбасының жуырда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы бойынша өз пікіріңізді айта кетсеңіз.

– Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауы қоғам дамуына серпін беретін құнды құжат екені әмбеге аян. Ағымдағы жылдың 5-қазанында халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы еліміздің отыз дамыған елдің қатарына қосылуында аяққа оралғы болып тұрған көптеген мәселелердің оң шешілуін қамтамасыз ететін алты басымдықтан тұрады. Оның барлығы елге мәлім, жұртқа белгілі.
Жуырда болған бүкіләлемдік экономикалық форумда әлемде бәсекеге қабілетті елу елдің тізімі жарияланғанынан хабардар боларсыз. Сол кезде арнайы жүргізілген есеп
бойынша Қазақстан әлемдегі 140 мемлекеттің ішінен 59-орыннан көрінген. Осы рейтингті түзу кезінде халықтың тұрмыс сапасы, мемлекеттің хал-ахуалы 98 индикатор бойынша сараланған. Отыздыққа енуді мақсат етіп тұрған еліміздің елулікке енбей қалуына бірнеше себептер ықпал еткен. Бұл
жайында мамандар түсінік береді. Олар елулікке ене алмауымызға республикамызда салалардың кластер бойынша дамымауы мен өнім өңдеу көрсеткішінің белгіленген межеге жете алмауы себеп болып отырғанын алға тартады. Сонымен қатар онда адамдардың өмір сүру ахуалы да назарға алынған. Яғни, халықтың денсаулығының қаншалықты тың екеніне де мән берілген. Осы сынды индикаторлар бойынша анықталған кемшін тұстарымыздың орнын толтыруда Жолдауда айтылған басым бағыттар бізге оң ықпалын тигізеді. Қазіргі таңда халық арасында Жолдау дегенде еңбекақының өсуі, ең төменгі жалақының көбеюі туралы айтудан арыға бармайды. Ал бұл жалақылар неге өсіріліп жатыр? Ол адамдардың өмір сүру ұзақтығын қамтамасыз етуге бағытталып отырған мемлекеттің қамқорлығы болып отыр. Сонымен қатар, түрлі бағыттарды дамытуға алғышарт болатын алты басымдықтар әлгінде айтып өткен салалардың кластерлік дамуына даңғыл жол ашады. Егер Жолдауда айтылған басым бағыттар тиісті деңгейде қолға алынса, бәсекеге қабілетті елдердің рейтінгісінде бәсіміз биіктеп, беделіміз арта түсетіні сөзсіз. Осы мақсаттағы жолда аянбай ету — әрбіріміз үшін үлкен міндет болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:
Қыдыр ҚАЛИЕВ.