Әбдірахымовтың қоғамға қапа болуы неліктен? оның өткенде орыс тілінде айтқан пікірі қалаға жеке өзім ғана бас иемін дегенді меңзегені ме?

Жуырда Шымкентте бірінші рет қалалық үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» форумы болды. Сонда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көп жұрттың алдында бейне бір қапа көңілдің түйіні секілді көкейдегі ойын ортаға салды. Онда қауым қазақ болғанмен, қала басшысының аузынан шыққан сөзі орыс тілінде өрбіді. Оны көпшілік онша әбес көре қоймағанмен, біраз жұрттың санасына түбірлі түйін, дүдәмал сұрақтарды жаудырды. Қала әкімінің шаһардың, оның тұрғындарының атына кәдімгідей қапагершілік көңілден шыққан пікірі жұмбақ күйде қалды.

Ол кісінің өзінше уәжді деген сөзі өзіне орынды көрінгенмен, көпшіліктің назарында басқаша бір ой туындатып жататындығы жасырын емес. Қаланы дербес өзі ғана басқарып, тек жеке басы билік етуге деген тұжырымы бізге де бірқатар ой салды. Елмен етене араластықты жақсарту мен жаңғырту үшін бірінші басшысың қасында жақсы идеолог, ойы терең кеңесші болуы – өмірдің қажеттілігі. Кейде соны елеп, ескере бермейтіндігіміз іс барысында ауырлық тудырады. Шешімді жеке өзі қабылдап отырғандығы, Әбдірахымовтың өз командасында, жұртшылық арасында ешкіммен ақылдаспайтындығы, ортақ пікірге келмейтіндігі осы күнге дейін айқын аңғарылып қалғандай. Оған кешегі көптің алдындағы дүрсін айтылған пікірі анық дәлел бола алады. Себебі, онда ол жұртшылықтың әкімшілік пікірімен терең санаса бермейтіндігін, қала әкімдігінің тарапынан болып жатқан ұсыныстарды орындауға оншама құмбыл болмайтындығы өздеріне ауыр тиетіндігін, билікті сынау үшін әуелі олар өздерінің төсек-орындарын ерте жинап, шәй ішкен ыдысын жақсылап жууға көңіл бөлу керектігін еске салатындығын айтып салды. Әкім сондай-ақ, жарқын болашақ үшін үмітті басты нысана етіп, жақсы күндер мақсатында қолдан келгеннің бәрін жасауға деген өзінің ойын қапа көңілмен ортаға салды. Бүгіннің кешегіден гөрі айқын болуы қоғам өмірінің жақсаруына сеп болатындығын тілге тиек еткен Шымкент қаласы басшысының пікірінен жұртшылық арасында өзара түсінбестік орын алды. Бір ғана ауыздан шыққан пікір қайшылықтары көп мәселелерді түсініксіз күйде қалдырды. Әбдірахымовтың отбасы, ошақ қасындағы төсек-орын мен ыдыс аяқ төңірегінде айтқан әңгімесі өз деңгейіне сәйкес келмейтін сияқты.
Екінші рет қала басшылығына келген Ғабидолла Әбдірахымов мырза халықты, ал халық әкімді әлі терең түсінбей жатқаны байқалатын секілді. Оның себебі, Әбдірахымовтың жұмысты өзінің орынбасарларына толық тапсырып қойғандығы, сонымен қатар, әкімнің жергілікті баспасөзбен байланысының оншалықты терең еместігі осындай өзара түсініспеушілік жағдайына әкеліп отырған жоқ па?
Біздің «Уақыт» газеті Әбдірахымовтың қабылдауында болып, көпшіліктің көкейіндегі ойлар жөнінде пікірлеспек болғанымен, ондай ниеттің жүзеге асырылмағандығы ауыр да болса шындық. Осыған қарағанда Әбдірахымовтың көңілінде көпшілікке беймәлім бір қорқыныштың бар екендігі сезілгендей… Ол не болды екен?
Ел көкейіндегі сауалдарға дер кезінде баспасөз арқылы дербес жауап беруден Шымкенттің басшысы қашқақтамайтын болса, қала әкімі халықты, халық Әбдірахымовты терең түсінген болар еді.
Егер қала басшысы Ғ. Әбдірахымов көкейдегі сұрақтарға ашық жауап беремін деген ниет білдіріп жатса, онда біздің газет ол кісінің сұхбатын бір бетке тұтас беруге мүмкіндік жасайтындығын ашық айтқымыз келеді.

«Уақыт».
Сурет liter.kz сайтынан алынды