«ULYS» – ҰЛЫ ІСТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ БОЛМАҚ

Түркістанда таяуда ашылған «TÚRKISTAN MEDIA» халықаралық орталығында көзайым жаңалық. Орталықтағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде ақпарат кеңістігіндегі тұңғыш цифрлық «ULYS» журналының таныстырылымы өтті. Оған электронды «ULYS» журналының бас редакторы Ержан Қалымбай, философия ғылымдарының кандидаты Жанат Момынқұлов, басылымның техникалық директоры Болат Әскер, облыстық ішкі саясат, мәдениет саласының мамандары, баспасөз өкілдері мен студенттер қатысты.

Бүгінге дейін үшінші санын жарыққа шығарған журналдың «ULYS» деп аталуы әу баста «ұлы іс» деген мазмұнмен сабақтастырылып қойылған екен. Ал басылымның бағыты мен бағдары – Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы контентпен қамтамасыз ету, оқырмандар назарына сан салалар бойынша сараптамалық, танымдық мақалалар ұсыну, геостратегия, елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаhанда болып жатқан өзгерістер мен күннің басты тақырыптары бойынша сапалы материалдар тарату. Оқырмандар басылым материалдарын оқып қана қоймай, аудио жазбасын тыңдау мен бейне нұсқасын көруге мүмкіндік алады. Бұл бағытта Орталық Азия мен Түркі әлемінде болып жатқан жаңалықтарға баса назар аударылатын болады. Және ұлттық ұғымдарды санада жаңғыртуға екпін түсірілмек.
Өз кезегінде журналдың бас редакторы Ержан Қалымбай осы және өзге де ақпараттарды мәлімдей отырып, электронды басылымның қазақ ақпарат кеңістігінде тұңғыш цифрлы журнал екенін бөле-жара атап өтті. Сондай-ақ, ол әр нөмірінде
зерттеу институттарының мамандары жазған 20 мақала жарияланатынын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол келешекте басылымды халықаралық дәргейге көтеру мақсат етілгенін айтып өтті.

С. НҰРАЙ.