Тарихымызда болған латын әліпбиіне оралу қиынға соқпайды


Түркістан қаласына құрамында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Назарбаев Университетінің профессоры Жазира Ағабекқызы бар «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы
бойынша ғалымдардан құралған насихаттық топ келді. Іс-сапар барысында олар әуелі Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, насихаттық топтың аймақта өткізілетін семинарлар барысы туралы кең отырып сөйлесті. Өз кезегінде ол семинарлардың еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен болатынын айта кетейік.
Аймақ басшысының қабылдауынан соң «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасының жанашырлары Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Журналистер мен блоггерлер қатысқан басқосуда Оразгүл Асанғазықызы:
– Қазіргі таңда emle.kz сайты жұмыс істейді. Онда барлық азаматтар латын әліпбиімен танысып, ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы біз сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызды реттеп алатын боламыз. Елбасының көрегенділігімен, алысты болжайтын кемеңгерлігімен қолға алынған латын әліпбиімізді кезінде А. Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміз көтеріп кеткен, — деді.
Баспасөз мәслихатында ғалым Жазира Ағабекқызы жаңарған жаңа әліпбиімізді жазуымызға ендіру 2019 жылдан басталып кезең-кезеңімен сатылап қолданысқа енгізілетінін айтып, латын қарпін қолданудың артықшылықтарын алға тартты. Өз сөзінде ол:
– Қазіргі кириллицамен айтылып жүрген сөздер алдағы уақытта төл дыбыстарымызбен оқылатын болады. Біз осылай ұлттық артикуляциямызды сақтауымыз қажет. Алдағы уақытта оқу орталықтары мен тіл басқармалары жанынан оқыту және біліктілікті арттыру курстары ашылып, мектеп, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызмет саласында 2025 жылға дейін сатылап енгізілетін болады. Сондай-ақ, келешекте жаңа емле бойынша орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер жасалады, — деді Жазира
Ағабекқызы.

Б. СӘДУАҚАСҰЛЫ