АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛАМЫН ДЕСЕҢІЗ, «САРЫАҒАШ» ШИПАЖАЙЫНДА ДЕМАЛЫҢЫЗ!

Сарыағаштың брендке айналған шипалы суын бүгінде білмейтіндер кемде-кем. Желмаясына мініп, Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз кезінде Келеске келіп, бірнеше күн қонақта болған деседі. Сонда сулы, нулы өлкенің табиғатына, саф ауасына тәнті болып, халқының қонақжайлылығына, жомарттығына, еңбекқорлығына тамсаныпты. «Бал татыған суың-ай, Қалың қамыс нуың-ай», депті сүйсініп. Кетерінде қазыналы қария «сыйса өңгеріп-ақ әкететін жер екен» деп қасиетті мекенмен қимай қоштасыпты. Көне аңыз осылай дейді.

Сол Сарыағаштың суындай пайдалы ем Қазақстанда жоқ дейді ғалымдарымыз. Оның минералды суының түрлі дертке дауа екенін шетелдіктер де әлдеқашан мойындаған. Ғылыми түрде зерттеу жүргізіліп, дәлелденген. Курортты аймаққа емделуге жылына кем дегенде 70-80 мың адам келеді. Қарапайым еңбек адамынан бастап, беделді тұлғаларға дейін жиі атбасын бұрады мұнда. Жылына екі мәрте осында демалып кететін Елбасымыз 2002 жылы шипажайға келген сапарында «Сарыағаш – нағыз халықтық санаторий» деп жоғары бағасын берген екен. Расында жыл он екі ай бойы еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар үзілген емес. Жерасты суы мың бір ауруға ем болғасын, тұрақты келетіндер көп. Әсіресе, ағзадағы ішек, асқазан аурулары, сосын өтін алдырғандар үшін таптырмайтын мекеніңіз осы саялы Сарыағаш.

«Сарыағаш» емдеу-сауықтыру шипажайына әдейілеп бардық. Айнала жасыл желек. Қақпадан кіреберістен-ақ тынысың кеңиді. Ауа таза. Шырша көп. Ем қабылдап, табиғат аясында серуендеп, енді бірі велосипед теуіп, бассейнде балықша жүзіп жүр. Бізді қарсы алған шипажайдың Даму және көркемдеу бөлімінің жетекшісі Бахыт Шеракимов журналистер қауымына жақын жүретін ізетті, білікті азамат екен. Өзі Алматыда, Бурабайдағы президенттік шипажайларда жауапты жұмыстар атқарыпты. Шипажайдың терең тарихынан сыр шертіп, жоспарларымен бөлісті.

Үлкен бассейн қысы-жазы қызмет көрсетеді..

Шипажай аймағы көгалға толы, қыдыратын жолы керемет. Самал желі бойыңа қуат дарытатындай. Қолымыздағы баклашкадан шипалы суды қайта-қайта ұрттап қоямыз. Бірнеше құтысын тауысып тастадық. Шіркін-ай дейсің. Ішсең шөліңді қандыратын, ішпесең сағындыратын сусын осындай-ақ болар. Бахыт Шеракимовтың айтуына қарағанда, бүгінде «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешенінде 674 адамға арналған 8 корпус бар. Кең асханасы бір мезгілде 800-100 адамды қабылдай алады. Мұнда вип-шипажайлар да жетерлік. «Aray Deluxe» – соның бірі. Бес жұлдызды конақүйге көбірек ұқсайды. Аумағында мейрамхана, кинотеатр, бизнес-орталық.

Көктерек ауылында жыл сайын шипажайлар көбейіп келеді екен. Бүгінде олардың саны 30-ға жуық. Көрсетілетін қызметтері мен жатын орындарына байланысты бағалары әртүрлі. Кеңес Одағынан бері келе жатқан «Сарыағаш», «Арман» сияқты шипажайларда халық көп келетін көрінеді. Бағасына келсек, «Сарыағаш» шипажайында 10 күнге – 80 мың тг. Қыстың кезінде жеңілдіктер жасалады. Тағы бір айта кететіні, «Сарыағаш» шипажайы мұндағы дербес минералды қайнар көзі бар үш шипажайдың біреуі екен (қалған екеуі – «Aray Delux пен» және «Алтын бұлақ»). Өзгелері суды осы аталған жерлерден тасымалдайды. Шипажай ішінде бювет бар, дәрігерлер тамаққа дейін жарты сағат қалғанда минералды су ішкен пайдалы дейді. Мұнда демалушылар үшін арнайы бір мезетте 50 адамды қабылдау мүмкіндігіне ие, Сарыағаш аумағы бойынша ең үлкен, жалғыз жабық қауыз (бассейн) орналасқан. «Сарыағаш» шипажайы Шымкент қаласынан 130 км, Ташкент қаласынан 18 км жерде. Сенбі-жексенбі күндері жергілікті Иса ата ыстық әулие бабаның бейітіне, Қазығұрт басына, Үкашата, Арыстанбаб, Түркістандағы Қ. А. Ясауи кесенесіне, сондай-ақ Ташкент, Самарқандқа экскурсиялар жасалынады.

Тарихына тоқталып өтейік. Алғашқыда, 1946 жылы мұнай іздеушілер кездейсоқ ашқан минералды ыстық су үш-төрт жылдай айдалаға атқылап ағып жатыпты. Жергілікті халық осы суға түсіп, «жабайы» жолмен емделіп сауыққан екен. Кейіннен 1949 жылы Ташкент ғалымдары суды зерттеуге кіріседі. Судың емдік қасиетін білген соң 1951 жылдың көктемінің аяғында аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастамасымен ұзындығы – 25, ені 10 метр хауыз (бассейн) салынған. Сол жылы жаз айында минералды су емханасының құрылысы басталып, 1952 жылдың қаңтарынан емделушілерін қабылдай бастайды. Сол кездегі Республика үкіметінің басшысы Д.Қонаевтың табандылығының арқасында Келес өзенінің сол жағалауынан жаңа қоныстың орны таңдалып, 1959 жылы «Үлкен Сарыағаштың» құрылысы басталады. Араға төрт жылдан астам уақыт салып, 1963 жылы қазіргі шипажайдың алғашқы үш корпусы мен емханасы пайдалануға беріліпті. Шипажай ұжымы біртуар қайраткердің туғанына 100 жыл толуына орай емдеу-оңалту кешенінің орталық алаңына бюстін орнатып, құрмет білдіріп, сауапты іс жасаған.