Қыз әулиенің қасиеті неде?

«Қыз әулиеге» келетіндер көп екенін байқадық. Осы сапарымызда оған көзіміз жетті. Көпшілігі қыз-келіншектер. Алматыдан, Балқаштан, Оңтүстіктің өзге де аудандарынан келгендерді жолықтырдық. 10 шақты жыл бұрын белгілі актер Асанәлi Әшiмов әйелі мен туған-туысын ертіп, келіп-кетіпті. Шырақшы ол туралы жергілікті «Замана» газетіне берген сұхбатында былай деп еске алады: «Әулиенiң басында қасиеттi құдық бар. Сол құдықтың түбiнде алма ағашы өседi. Әлгi ағаштың барлық алмасы пiсiп, таусылып қалған кезде ешкiмнiң көзiне көрiнбей екi-ақ алма қалды. Сол кезде Асанәлi Әшiмов келдi. Қасына ерiп келген әйелдерден жағдайын сұрап едiм, перзент сүйе алмай, әулие аралап жүргенiн бiлдiм. Сол сәтте не болғанын бiлмеймiн: «Әйелi анау талдың басындағы екi алманы алып жесiн. Құдай қаласа, жерiк болады!» – деп айқайлап жiбердiм. Қасындағы жүргендер дереу ағаш басына шығып, әлгi алманы алып, Асанәлiнiң әйелiне ұсынды. Бұл да бiр Алланың кереметi шығар, тұп-тура бiр жыл өткенде Асанәлiнiң әйелi шекесi торсықтай ұл туып, оның сүндет тойына бiздi қонаққа шақырған. Нәсiп болмай, бара алмадым».

Қасиеттi жерге соңғы бiр-екi жылдан берi келушiлердiң қатары артқан. Шырақшының айтуынша, қазiр «Қыз әулиенiң» қасынан 200 адамға арналған зиярат үйі (намазхана, асхана) салынып жатыр. Керекті қаражат осында келген халықтың көмегінің арқасында жиналыпты. Құрылыс жұмыстарына Сұлтан есімді азамат қолғабыс етіп жүр. «Әулие аралап, зиярат етудi бiреу қолдап, бiреу қолдамайды. Дегенмен құран оқылатын, Алла разылығы үшiн мал сойылып, мiнәжат етiлетiн жерге барудың еш сөкеттігі жоқ. Қазақта «Құдай ұрған оңалады, Аруақ ұрған оңалмайды» деген сөз бар. Қасиетті жерді қадірлеу парыз», – дейді ол.

Шырақшының сөзіне қарағанда, мұнда сенбі-жексенбі күні келетіндер көп. Шамамен күніне 100-200 адам. Үндістан, Ресей, Қырғызстаннан да арнайы іздеп келген туристер бар екен. Олар қасиетті мекенді бейнежазбаға түсіріп алыпты. Жуырда «Қыз әулие» туралы «31» телеарнасынан («Неге» бағдарламасы) арнайы сюжет көрсетіліпті.

#ON_Brand №22