«Қыз әулие» туралы не білесіз?
Қазыналы Түркістан облысын әулиелердің мекені деп жиі айтып жатамыз. Мәселен, Маңғыстауда 362 әулие бар делінеді. Ал Оңтүстікте әулиелер саны қанша? Нақты болмағанымен, мыңнан астам дейді ел арасындағы деректерде. Жалпы, әулие туралы түсінік барлық елдер мен діндерде кездеседі. Қазақ халқының дүниетанымында да әулиені құрметтеу ежелден бар. Біздің халық оларды құрмет тұтып келген. Сондай әулие мекеннің бірі – Қыз әулие. Ол Сайрам ауданының аумағына кiреберiс жерде («Стандарт» цемент зауытының маңында) орналасқан.
Қыз әулие деген кім? Неліктен әулие аталып кеткен? Елімізде «Қыз әулие» деген рух қонған бірнеше киелі мекен бар екен. Олар Ақтөбе облысында, Шығыс Қазақстанның Аягөз ауданында. Олардың бәрі де жаугершілік заманда ер-азаматтармен бірге елі мен жерін қорғау үшін атқа қонып, жанын қиған, халықтың бірлігі мен берекесі сақталуы үшін жанталасқан ержүрек қыздар делінеді. Түркістан облысындағы Қыз әулие туралы мәліметтер өте аз. Ел арасындағы аңыздарға құлақ түрсек, шым-шымдап деректер кездеседі. Сол киелі мекеннің қасиетін білмек ниетпен осы аптада арнайы сапарлап бардық. Баспасөздегі деректерге сүйенсек, аңыз бойынша ертеректе Әмiрхан есiмдi (15 ғасыр) ел тұтқасын ұстаған әрi аса бай кiсi өмiр сүрiптi. Сол кiсiнiң Шешушi деген баласынан Дiлдәрбек есiмдi немересi болыпты. Мiне, осы Дiлдәрбек бабаның Нұрзада, Сұлушаш, Қарашаш, Сандуғаш есiмдi қыздары болған екен. Жаугершiлiк орын алып, жоңғарлар қазақтарға қырғидай тиiп жатқан тұста әлгi қыздар шыдай алмай, соғысқа араласып, дәл осы жерде қаза тауыпты. Олар жас кездерiнде өнерлi, iсмер боп өскен екен. Сондықтан шығар, әулиеге зиярат етiп келушiлердiң кейбiрiнiң ойламаған жерден ән айтатын, өлең жазатын, ою ойып, тiгiс тiгетiн қасиетi ашылады дейдi. Жалпы бұл маңда 200-ге жуық адам жерленген дейді.
Зиярат етуге көбiне-көп бағы ашылмай жүрген қыз-келiншектер, өнердегi, қызметтегi жолдарын аштырғысы келетiн азаматтар келедi екен. «Қыз әулиенің» шырақшысы 73 жастағы Ұлтуар Мешбаеваны әңгімеге тарттық. Тілі майда, сөзге шешен апа екен, желдірте, екпіндеп сөйлей жөнелді. Сөзін бөлмей, мұқият тыңдадық. Шырақшы апа бүгiнде 5 баланың анасы, немере-шөберелерiнiң әжесi атанып отыр.
– Кеңес үкiметiнiң кезiнде Алланы ауызға алуға тыйым салынған едi, – дейдi шырақшы апа. – Бәрiне тек медицина жәрдем бередi деп ойлайтынбыз ғой. Ауру да, оның емi де Алладан екенiн қайдан бiлейiк, жиi ауыратынмын, еш жерден ем қонбай, дел-сал күйде жүретiнмiн. Әулие-әмбиелердi аралап келсем жаным рахаттанып, өзгеше бiр күй кешетiнмiн. Менiң мұнымды көрген ауылдың адамдары «Жынды қатын» атап, ешкiм менiмен араласпайтын. Сөйтiп жүргенде аталарым аян берiп, әруақ жолын ұстануыма тура келдi. «Үштүкiрер апа» атандым, үйде көз тиген балаларды үш рет түкiрiп емдейтiнмiн. Күндердiң-күнiнде өлуге шақ қалдым. Денем тас болып қатып қалды, тек көзiм мен аузым ғана қимылдайды. Әрең дегенде тiлiмдi кәлимаға келтiрiп: «Иә, Алла, айтқаныңмен жүремiн», – дедiм. Бiрақ сонда да мойынсұнбай жүре берiп едiм, бiр күнi буын-буыным ұстамай, сылқ түсiп жатып қалдым. Сол кезде барып шын жалбарынып кешiрiм сұрап, шырақшылық жолына түстiм».
Ұлтуар апа шырақшылықты осыдан 20 жыл бұрын бастапты. Алғашқыда баспана болмай, 5 жылдай жертөледе тұрған. Уақыт өте келе осында келушiлердiң жәрдемiмен мұнда үш бөлмелi тұрғын-жай бой көтеріпті. Онда келгендер құран оқып, ас береді екен.
– Мен көрiпкел не емші емеспiн, тамыр ұстамаймын, пал да ашпаймын. Мен тек аналық ақылымды айтамын, өмiрден көргенiмдi, көңiлге түйгенiмдi жастарға үйретемiн. Жастар ата-анасын сыйлап, үлкендердi ренжiтпей жүрсе, қыздарымыз оң босағада отырып абыройынан айырылмай, өз теңiн тапса, бала көтермей жүрген қазақтың келiндерi ұлды-қызды болып, ұрпақ өрбiтсе, оған «Қыз әулиенiң», менiң титтей де болса көмегiм тисе деймiн. Сол үшiн үй-жайымнан, бала-шағамнан жырақта, әулиенiң басында өмiр сүрiп жатырмын. Бұл да Алланың менiң маңдайыма жазған тағдыры шығар, – дейді шырақшы.