Қызылкөлдің сыры көп

Біреу білер, біреу білмес, Түркістан облысында емдік шипасы бар Қызылкөл деген көл бар. Созақ ауданындағы Құмкент ауылынан батысқа қарай 7 км жерде орналасқан. Демалыста жолға шықтық. Түс әлетінде жетіп, кеш батқанша Қызылкөлдің қызығын тамашаладық.

Қызылкөлдің емдік қасиетін Израйлдегі өлі көлмен салыстыратындар да аз емес. Ілгеріде бұл көлдің даңқы елімізден асып, шетелдіктерді де таңырқатқан деседі. Бірі екінші Қара теңізге, енді бірі Чехиядағы атақты Карловы Варына (тұзбен емдейтін шипажай) теңейтін көрінеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұнда бұрын сырқатына ем іздегендер мен демалушылардың көптігінен бос орындар болмайды екен. Осы қасиетті көл 2000 жылдардан бері белгісіз себептермен жиі тартылып қалған, бірақ биылғы жауын-шашынның жиі болуынан көлдің 70-80 пайызы суға толған. Суы қалыпты жылдары айдында аққу қонып, қаз ұшып жататын дейді білетіндер. Теңіз деңгейінен 335 м биіктегі тұзды көл 2002 жылдан бері ерекше қорғалатын аймақ тізіміне енгізілген. Қызылкөлдің ауданы 16,2 км², ұзындығы 6,1 км, ені 2,8 км, тереңдігі 10 м.

Көл маңындағы қара балшықты көлшікті барып көрдік. Көл суретте көріп тұрғандарыңыздай көркі алыстан көз тартады. Кереметі – керемет! Салқын суға бір түссең лезде сергітіп тастайды.

Кеңес кезінде Қара теңізден мамандар келіп, көл суының емдік қасиетін жоғары бағалапты. Ауасы, суы мен қара балшығы тек тері аурулары емес, таныс алу жолдары, белсіздік, гинекология, сүйектің қақсауы сынды көптеген сырқаттарға бірден-бір ем екен. Тіпті Астанадағы бірқатар шенеуніктер де осында келіп дертінен жазылып кеткен дейді тұрғындар. Ондағы лайды Жаңақорған мен Манкенттегі шипажайлардан алып кетіп жатқандар да бар.

Көл маңайын күзетуші Ғ. Ескендірдің айтуынша, биылғы жазда демалушылардың қатары артқан. «Таудағы бұлақтардан тұщы су келгенімен, көл астында тұз бар. Сондықтан, тұзды суға айналады. Емдік қасиеті сонда. Палатка тігіп, таңнан кешке дейін жатып емделетіндер көп. Ем қабылдаушылар батпақпен сыланып, күнге қыздырынып жатады», дейді ол.

Жергілікті билік көлге барар жолды ретке келтіріп, бульдезермен ашып қойыпты. Демалыс күндері Шолаққорған, Құмкент ауылдары мен Қызылкөл елдімекеніндегі мекеме қызметкерлері көл бойын тазалап, сенбілік өткізеді екен.