ТУРИСТЕРДІ ТАРТУ ҮШІН…

Сарыағашта халықаралық туристердің талабына сай гольф алаңшасы бар. Жақын болашақта мұнда ойын-сауық орталықтары, аквапарк пен жаңа курорттық қалашық бой көтермек. Қазір 30-ға жуық емдеу-сауықтыру орталықтары болса, олардың қатары алдағы кезде 96-ға көбейеді. Жай сөз емес, бұл облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында. Құрылыс жұмыстарына негізінен жеке инвесторлар тартылып жатыр. Жоба бойынша 600 гектар аумақта сәулеті жарасқан 1500 орындық курортты қалашық. Тіпті ауданда әуежай салынуы мүмкін. Түптеп келгенде, мұның бәрі Түркістан облысында туризм саласының жандануына даңғыл жол ашатыны анық.

Ерекше айтарлығы, енді Сарыағаштағы шипалы су әр санаторийге жеке-жеке тасымалданбай орталықтандырылған жүйе арқылы таратылмақ. Кәсіпкерлер оңтайлы жұмыс жасау үшін облыс өз қаржысына инфрақұрылым жұмыстарын реттеп, арнайы су жүйелерін салып береді. Сарыағашқа қатынауды жақсарту үшін жүрдек пойыз, жайлы автобустар жүрмек. Жол дегеніңіз теп-тегіс болып тұрса, туристердi көптеп тартуға болады. Халық көптен бері күткен Шымкент-Ташкент тас жолы пайдалануға берілді. Демалып әрі аурудың алдын аламын десеңіз, Сарыағаштағы шипажайға келіңіздер!