АНТИБИОТИКТІ ОРЫНСЫЗ ҚОЛДАНУДЫҢ ҚАУПІ ҚАНДАЙ?

Антибиотиктерді оңды-солды, негізсіз әрі шамадан тыс қолдану, оларды дәрігердің рецептінсіз өз бетінше қабылдау және бекітілген емдеу тәртібін сақтамау микробтардың дәріге төзімділігін күшейтіп жатыр. Бұл туралы ресми сауалға жолдаған жауабында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.

Комитеттің таратқан мәліметіне сүйенсек, 2019-2023 жылдар аралығында елімізде жүйелік антибиотиктерді тұтыну көлемі біртіндеп өскен. Мұнда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының AWaRe жіктемесі бойынша WATCH тобына жататын дәрілердің үлесі жоғары болып отыр. Жауапты ведомство өкілдері бұл жағдайдың антибиотиктерді ұтымды әрі жауапкершілікпен пайдалануды одан әрі күшейтуді талап ететінін баса айтады. Бұған қоса, әсер ету спектрі кең препараттарды артық қолдану да бактериялардың дәрілерге көнбеуіне, яғни төзімділіктің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Негізінен, рецепт арқылы берілуі тиіс антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз өз бетінше сатуға заңмен қатаң тыйым салынған. Соңғы жылдары еліміздегі дәріханаларға қатысты бақылау күшейтіліп, талаптарды бұзғандарға қатысты әкімшілік шаралар тұрақты түрде қолданылып келеді.
Сондай-ақ кішкентай балаларға антибиотик тағайындау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінуде. Осы бағытта педиатр дәрігерлердің біліктілігін арттыру және күшті дәрілерді тек аса қажет болған жағдайда ғана жазып беруін қадағалау жұмыстары жүзеге асырылуда. Өз кезегінде медициналық ұйымдарда антибиотиктердің негізді тағайындалуы арнайы клиникалық хаттамалар, микробиологиялық зерттеулер, клиникалық фармакологтардың кәсіби жұмысы, ішкі аудит және антимикробтық терапияны бақылау бағдарламалары арқылы үздіксіз қадағаланып отыр. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлағандай, қазіргі уақытта елімізде антибиотиктерге төзімділікті тежеуге арналған кешенді жол картасы іске асырылуда. Осы құжат аясында зертханалық диагностиканы күшейту, дәрілерді ұтымды пайдалану, оларды рецептісіз сатуға бақылауды арттыру, медициналық ұйымдарда антимикробтық терапияны тиімді басқару және «Бірыңғай денсаулық» тәсілін жан-жақты дамыту көзделген.