988 МЫҢ ОТАНДАСЫМЫЗ ТҰРҒЫН ҮЙ КЕЗЕГІНДЕ ТҰР

Қазіргі таңда елімізде баспана кезегінде тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарқыны қандай дәрежеде? Көпшілікті толғандырған бұл сауалға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы жауап берді.
Ведомствоның берген ресми мәліметіне сүйенсек, бүгінде ел бойынша тұрғын үй кезегінде 988 мыңнан астам адам есепте тұр. Оның ішінде 459 мыңға жуығы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жатады. Ал заңды кезекте тұрғандарды үймен қамту жұмыстарына келсек, осы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша баспана кезегінде тұрған 18 859 отбасы өз баспанасына қол жеткізген. Атқарылған бұл жұмыстардың ішінде 12 653 отбасы жалдамалы тұрғын үйге орналасса, 6 206 отбасы жеңілдетілген ипотекалық қарыздар алу арқылы өз үйлерінің кілтін иеленді. Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мүгедектігі бар азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға да жеке тоқталып өткен. Бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде тұрғандардың арасында 66 818 адам I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар болса, 28 341-і мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар санатында тіркелген.
Қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес, аталған санаттағы азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған біршама мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Олардың қатарында коммуналдық тұрғын үй қорынан жалдамалы баспана беру, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы жылдық 2 пайыздық жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын ұсыну және арнайы тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Бұдан бөлек, I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар санатында мемлекеттен арендалық тұрғын үй алған тұрғындар сол баспананы кейін өтеусіз негізде жекешелендіріп алу құқығына ие.




