76 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯНЫҢ ТІЗЕ БУЫНЫНА ОТА ЖАСАЛДЫ

Адам баласы үшін өз аяғымен жүріп-тұрудан, ешкімге кіріптар болмай еркін қозғалудан артық бақыт жоқ. Өкінішке қарай, кәрілік пен ауыр дерт қатар қысқанда бұл қарапайым қуаныштың өзі қол жетпес арманға айналады. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасына медет тілеп келген 76 жастағы қарияның да жағдайы дәл осындай еді. Екі тізесінің деформациялаушы гонартрозына ұшыраған науқас ұзақ жылдар бойы сүйекті қақсатқан адам төзгісіз ауырсынудан көз ашпай, ақыры өздігінен адымдап жүру мүмкіндігінен айырылған.
Қозғалысы шектеліп, төсекке таңылған науқастың жанын жегідей жеген азапты тек дәрігерлердің сәтті отасы ғана тоқтата алды. Кешенді тексеруден соң ақ халаттылар созылмалы дерттің асқынған сатысындағы жалғыз тиімді жол — зақымданған буынды жасанды эндопротезге ауыстыру деген байламға келді. Осы бір жауапкершілігі мен тәуекелі жоғары ортопедиялық отаны аурухананың білікті травматолог-ортопедтері Нұржан Естемесов пен Ерболат Абдрахманов жоғары кәсіби деңгейде орындап шықты. Асқан дәлдікті талап ететін күрделі хирургиялық операция сәтті аяқталып, зақымданған буын орнына заманауи жасанды протез қондырылды.
Бүгінде 76 жастағы науқастың жалпы жағдайы қанағаттанарлық, ол білікті мамандардың тұрақты бақылауында болып, сауықтыру мен оңалту шараларын қабылдауда. Гонартроздың ең ауыр кезеңінде қолданылатын бұл жоғары технологиялық медициналық көмек ақсаған аяқты қалпына келтіріп қана қоймай, ауырсынуды сап тыйып, адамға өз бетінше қозғалу бақытын қайтарды. Тоқсанға таяған қария үшін бұл операция жай ғана медициналық процедура емес, екінші өмір, қозғалыс еркіндігін қайта сыйлаған маңызды қадам. Заманауи технологиялар мен отандық медицинаның әлеуетін ұштастырған Шымкенттегі №1 клиникалық аурухананың бұл жетістігі – адам жанына араша түсер ақ халаттылардың шеберлігі мен ел медицинасының тағы бір елеулі белесі.




