ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ: ҚАЗАҚСТАН АЛДАҒЫ ҚЫСҚА ДАЙЫН БА?

Қыс ортасында аяз қысқанда, тозығы жеткен ЖЭО-лар мен жарылған жылу құбырларының зардабын тағы да бұқара тартпауы тиіс. Ел тұрғындарының әрбір қысқы маусымды үреймен қарсы алуы коммуналдық саладағы жылдар бойы жинақталған шикіліктің айқын көрінісі еді. Осы орайда, елдегі энергетикалық кешеннің алдағы қысқа дайындығы — аса жауапты мәселе. Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жанындағы Республикалық штабтың кезекті отырысында дәл осы дайындық барысы таразыланып, атқарылған ауқымды жұмыстардың есебі берілді.

Ресми мәліметке сүйенсек, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақындап қалған. Жазғы науқан барысында электр станцияларындағы 50 негізгі жабдық күрделі жөндеуден өтіп, инфрақұрылым біраз жаңартылды. Қазіргі уақытта 4 энергия блогы, 28 қазандық және 18 турбина толықтай қалпына келтірілсе, қалған 3 энергия блогы, 26 қазандық пен 21 турбинада жөндеу жұмыстары әлі де қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ ел бойынша жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 334 шақырымы, яғни 88,6 пайызы толықтай дайын күйге келтірілген.
Электр желілері бойынша да негізгі меже орындалғаны байқалады. Жоспарға сәйкес, 17 мың шақырымнан астам электр тасымалдау желісі күрделі жөндеуден өтіп, 444 қосалқы станцияның 426-сы және 3408 тарату мен трансформаторлық пункттің 3385-і қысқы жүктемелерді көтеруге дайындалған. Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, жылыту маусымын іркіліссіз бастауға қажетті станциялық жабдықтардың негізгі құрамы жасақталып, энергетикалық нысандарда отынның нормативтік қоры да толық қамтамасыз етілген. Комитет төрағасы Ержан Ертаев дайындықтың жоспарлы режимде жүріп жатқанын алға тартып, ендігі басты міндет қалған іс-шараларды мерзімінде аяқтау, жабдықтардың әзірлігін толық қамтамасыз ету және дайындық паспорттарын алу үшін құжаттарды өткізу екенін қадап айтты. Әсіресе, бұған дейін ақауы жиі шығып, ерекше бақылауға алынған қауіпті нысандардың жағдайы жеке қаралған. Өңірлік штабтарға материалдарды уақытылы жеткізіп, персоналды толық жұмылдыру арқылы жұмысты шұғыл аяқтау тапсырылды. Түптеп келгенде, жылыту маусымында «күтпеген апат болды» деген сылтау енді жүрмейді. Әкімдіктер мен энергетиктердің жауапкершілігі сөзбен емес, суық түскенде тұрғындардың үйіндегі жылумен өлшенбек. Қош, әзірге бәрі мінсіз тәрізді. Қыстан да қысылмай шығуға сендіріп отыр. Әрине, анығы уақыттың еншісінде…

С.НҰРАЙ.