АДАМ САУДАСЫ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР…

Адам саудасы мен заңсыз көші-қон — өркениетті әлемнің алқымынан алған ең сұмдық кеселдің бірі. Адамды тауар орнына көріп, оның тағдырын саудаға салатын қылмыстық топтардың әрекеті шекарамен шектелмейді. Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ішкі істер министрлерінің басқосуында осы бір өзекті де өткір мәселе кеңінен талқыланды. Аталған жиында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтіп, транснационалдық сипат алған қылмыспен біріге күресудің тетіктері сөз болды.

Қазақстанның ішкі істер органдары жыл басынан бері бұл бағытта едәуір іс атқарып, адам саудасына қатысты 85 қылмыстың жолын кесті, сондай-ақ заңсыз көші-қонның тоғыз ірі арнасын жойды. Еліміздің Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, құқық қорғау құрылымдары тек қылмысты анықтап, айыптаумен шектелмей, оның алдын алу мен зардап шеккен жандарды қорғауға баса назар аударып отыр. Бұл ретте БҰҰ-ның Халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесе отырып, адам саудасының құрбандарын дер кезінде анықтау мен оларға көмек көрсетудің арнайы іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, ресми түрде бекітілген.
Кездесуде қылмыстық топтардың заңсыз көші-қонды ұйымдастыруда қолданатын жаңа да қулыққа толы амал-тәсілдері егжей-тегжейлі сөз болды. Қазіргі таңда транснационалды топтар мигранттарды заңдастыру үшін жалған жұмыс орнын ұсыну, қағаз жүзінде ғана тұрғылықты жерге тіркеу және жалған шақыру қағаздарын ұйымдастыру сияқты астыртын схемаларды кеңінен қолданады. Бұл айла-шарғылар бір елдің шегімен ғана шектелмей, бірнеше мемлекеттің аумағын қамтитындықтан, оларға қарсы жалғыз күресу мүмкін емес. Сондықтан министр Ержан Сәденов Түркі мемлекеттері ұйымына кіретін елдер арасында заңсыз көші-қон арналары, оны ұйымдастырушылар мен тасымалдаушылар, сондай-ақ адам саудасының құрбаны болғандар туралы жедел ақпарат алмасудың тұрақты әрі үздіксіз жүйесін құруды ұсынды. Қош, бұл бастаманың қаншалықты нәтиже беретінін уақыт көрсетеді.

«Уақыт».