ҚАРАҢҒЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРСАУЫНАН ҚҰТҚАРҒАН ЖОБА

Шымкент – тек оңтүстіктің емес, тұтас елдің тынысы, тіршілігі қайнаған мегаполис. Қаланың тамырына қан жүгіртіп, келбетін ашатын негізгі тетіктің бірі – инфрақұрылымның сапасы. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шаһарды дамыту, халыққа жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары сөз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде жемісін бере бастағаны қуантады. Шаһарда көлік пен инженерлік желілерді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс басталды. Оның ең жарқын көрінісі – үшінші мегаполистің көшелерін түнектен арылтып, шуақ сыйлаған жарықтандыру жобасы.
Осыдан біршама уақыт бұрын Шымкенттің түнгі келбеті көңіл көншітпейтін. 2023 жылға дейінгі статистикаға көз жүгіртсеңіз, шаһардағы 6 882 көшенің тек 2 196-сында ғана шам жанып, жарықтандыру деңгейі небәрі 30 пайызды құраған еді. Түн ауа көшеге шығу тұрғындар үшін үрейге айналып, қараңғы қалтарыстар қауіптің ошағы болып келгені жасырын емес. Алайда аз уақыттың ішінде атқарылған ауқымды тірлік жағдайды түбегейлі өзгертті. Қысқа мерзім ішінде 4 686 көшеге заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылып, Шымкенттің негізгі магистральдары мен артериялары толықтай жарықпен қамтылды. Бүгінде қаланың негізгі көшелерінің жарықтандырылу көрсеткіші 100 пайызға жетіп отыр. Бұл – мыңдаған тұрғынның көз қуанышы, қауіпсіздік кепілі. Түнде де жарқырап тұратын жаңа шамдар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де үлкен жайлылық сыйлады. Қала ішінің инфрақұрылымдық сапасы артып, Шымкент шынымен де заманауи, өмір сүруге қолайлы мегаполис кейпіне енді.
Әрине, тоқмейілсіп отыруға әлі ерте. Әлі де шешімін күткен, назар аударуды талап ететін шеткі аудандар мен иір-қиыр көшелер баршылық. Десе де Мемлекет басшысының тапсырмасына сай басталған бұл серпінді жұмыс кезең-кезеңімен өз жалғасын табады. Ең бастысы – бастама бар, нәтиже айқын.




