АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛМАҚ

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың әлеуметтік әл-ауқаты – мемлекеттік саясаттың басты діңгегі. Осы орайда, Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде бұл түйткілді мәселе арнайы қаралып, жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Жиында өңір басшысы Нұралхан Көшеров бағаны негізсіз өсіруге жол бермеуді, әлеуметтік дүкендердегі тауар сапасын қатаң бақылауда ұстауды қадап айтты. Сонымен қатар «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізу керек. Бағаны жөнсіз көтеруге жол берілмеуге тиіс. Әлеуметтік дүкендердегі тауар сапасын да қадағалауға алыңыздар. Жұмысты ширатуды тапсырамын» деп мемлекеттік органдардың жауапкершілігін шегелеп берді.
Бүгінгі таңда берекелі Түркістан өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 27 түрі өндіріліп, оның 22 түрі бойынша ішкі сұраныс толық өтелуде. Мәселен, қызанақ өндірісі қажеттіліктен 10 есе, бірінші сұрыпты бидай ұны 9,1 есе, қырыққабат 6,4 есе, қияр 5 есе, сүт 4,2 есе, ал пияз 3,3 есе жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. Жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 20 мың тонна әлеуметтік тауар сатып алынса, айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар мен қоймадағы резервтерді қосқанда жалпы 22 мың тонналық азық-түлік қоры қалыптасты. Бұл қор облыс халқын кем дегенде 6 ай бойы іркіліссіз қамтамасыз етуге жетеді. Осы жүйелі шаралардың арқасында жыл басынан бергі баға индексі 101,2 пайызды құрап, өнімдердің басым бөлігі республикалық орташа бағадан төмен деңгейде сатылуда. Қазіргі таңда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында жұмыс істеп тұрған 42 әлеуметтік дүкенде негізгі тауарлар нарықтан 20-30 пайызға арзан ұсынылып отыр.
Арзандатылған азық-түлікке қол жеткізуде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де септігі тиіп жатыр. Жыл басынан бері облыс бойынша 463 жәрмеңке ұйымдастырылса, соның ішінде Түркістан қаласында өткен 256 жәрмеңкеде 12,8 мың тонна өнім нарықтан 20-30 пайыз төмен бағамен халыққа таратылды. Бұған қоса, бағаны бекіту мақсатында 70 ірі супермаркетпен және 10 отандық тауар өндірушімен меморандум жасалды. Әрине, алыпсатарлық пен бағаны заңсыз өсіруге тырысқандар да назардан тыс қалған жоқ. Тұрақты бақылаудың нәтижесінде сауда үстемесін негізсіз арттырудың 93 фактісі анықталып, заң аясында әкімшілік шаралар қолданылды. Сондай-ақ өңірде ішкі нарықты жергілікті өніммен толықтыратын ірі инвестициялық жобалар қолға алынуда. Түлкібас ауданында құны 53,7 миллиард теңге болатын, жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасы кезең-кезеңімен іске қосылады. Бұл жоба толық қуатына шыққанда 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, облыстың құс етіне болған ішкі қажеттілігі толықтай жабылады. Ал Бәйдібек және Ордабасы аудандарында жалпы қуаттылығы 30 миллион дана жұмыртқа өндіретін екі бірдей құс фабрикасын салу жоспарда бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жергілікті өндірісті өркендету және бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қою жұмыстары өңір басшысының жеке бақылауында болатынын да айта кеткеніміз жөн.