ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ ЖАРТЫ ЖЫЛДА 4,1 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Қазақстан экономикасы шикізат жетегінде кетпей, ішкі әлеует пен нақты өндіріске арқа сүйеген орнықты дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы көңілге зор сенім ұялатып, ел экономикасының 4,1 пайызға өскенін көрсетті. Ең бастысы, бұл серпін баяғыдай мұнай бағасының құбылуына емес, мұнайға тәуелді емес секторлардың қарышты қадамына негізделген. Үкіметтің ресми мәліметінше, нақты сектордағы тауар өндірісі 5,1 пайызға еселенсе, қызмет көрсету саласы да 3,5 пайызға ілгерілеп, ішкі нарықтың тамырына қан жүгіртті.

Бұдан бөлек, құрылыс саласы 15,2 пайыздық өсім көрсеткен. Сонымен қатар елдің өндірістік қуатын арттыратын өңдеу өнеркәсібі 9,8 пайызға, ал жаһандық байланыс пен тасымалды ширатқан көлік қызметтері 7,1 пайызға артты. Күнделікті тіршіліктің айнасы саналатын ішкі сауда 5,7 пайызға, ата кәсіп – ауыл шаруашылығы 4,4 пайызға және заманауи байланыс қызметтері 4,3 пайызға өсіп, оң серпінді еселей түсті. Осылайша, аталған негізгі салалардың жиынтық үлесі еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 85 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Экономиканың бұл құрылымдық өзгерісі қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізе бастады. Өткен жылғы біршама төмендеуден кейін, халықтың нақты табысы бірінші тоқсанда 0,1 пайызға көтерілді. Бұған маусым айында жылдық инфляцияның 10,3 пайызға дейін баяулап, бағаның ауыздықталуы тікелей септігін тигізді.
Экономикалық өрлеудің қозғаушы күші саналатын инвестициялық белсенділік те бұл кезеңде айрықша байқалды. Бірінші жартыжылдықта негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,6 пайызға артып, оның ішіндегі жеке капиталдың үлесі 87 пайызға жеткені – бизнес қауымдастықтың ел болашағына деген нық сенімін аңғартады. Әсіресе ақпарат пен байланыс саласына құйылған қаржы 2,3 есеге өсіп, құрылысқа салынған инвестициялар 38,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібіне 33,3 пайызға, ал ауыл шаруашылығына бағытталған қаржы 24,6 пайызға артты. Мұнымен қоса, ішкі сауда көлемі 15,3 пайызға өсіп, 36,2 триллион теңгені бағындырса, сыртқы сауда айналымы 56,3 миллиард долларды құрады. Нәтижесінде, еліміз 4,4 миллиард доллардан асатын тұрақты оң сауда балансын сақтап қана қоймай, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспортын 14,6 пайызға арттырып, 14,9 миллиард долларға жеткізді. Бұл көрсеткіштер – Қазақстанның әлемдік аренада тек шикізат тасушы емес, бәсекеге қабілетті дайын өнім ұсынушы елге айналып келе жатқандығының дәлелі.