АППАРАТ ОТЫРЫСЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте мегаполис тынысының ең өзекті түйткілдері тарқатылып, атқарылған ауқымды тірліктер сарапқа салынды. Жиында цифрлы дәуірдің дертіне айналған киберқылмысқа тосқауыл қою амалдары, Әл-Фараби мен Еңбекші аудандары тұрғындарының арыз-шағымдарының орындалу барысы сараланып, қала тіршілігін оңтайландырудың жаңа міндеттері белгіленді.
Бүгінгі таңда ғаламтор арқылы елдің қалтасына түсуді көздейтін қулық-сұмдық көбейгені жасырын емес. Осы орайда, Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында шаһарда интернет-алаяқтықтың 330 дерегі тіркелгенін жеткізді. Құқық қорғаушылардың дер кезінде дабыл қағып, шебер әрекет етуінің арқасында қылмыстардың ашылу деңгейі 41,3 пайызды құрап, республикалық орташа көрсеткіштен оқ бойы озық шықты. Нәтижесінде зардап шеккен тұрғындарға 214 миллион теңге қайтарылып, 3,3 мыңнан астам күмәнді банк есепшоты бұғатталды, сондай-ақ 15,5 миллион теңгенің заңсыз аударылуына тосқауыл қойылды. Алаяқтың арбауына түсетіндердің қатарын азайту үшін ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қулықты кәсіп еткен топтардың жолы кесілді. Шаһарда іске қосылған «ANTIFRAUD CALL CENTER» орталығының тынымсыз еңбегі нәтижесінде күн сайын 1 700-ге жуық алаяқтық қоңырау бұғатталып отыр. Алдағы уақытта да халықтың қаржылық сауатын арттыру мен ведомствоаралық ықпалдастықты нығайту бағытындағы кешенді жұмыстар қарқын алмақ.
Сондай-ақ мәжілісте аудан әкімдері ел ішіндегі арыз-шағымдардың шешілу барысын баяндады. Әл-Фараби ауданының әкімі Марат Мықтыбеков соңғы үш жылда қала басшысының тұрғындармен жүздесулерінде түскен 984 өтініштің 853-і, атап айтқанда 86,7 пайызы оң шешімін тапқанын жеткізді. Осы орайда Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек те кейінгі жылдары көтерілген 865 мәселенің 753-і, яғни 87,1 пайызы толықтай орындалғанын мәлімдеді. Аудан жұртшылығын негізінен инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, аулаларды абаттандыру мен жер және тұрғын үй қатынастары толғандыратыны анық. Қалған өтініштердің де орындалу мерзімі белгіленіп, жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Алқалы жиынды қорытындылаған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуді және бұқара тілегінің уақтылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Оған қоса, мегаполис жетекшісі аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына тұйық көшелерді асфальттауды жеделдетуді, жаяу жүргіншілер өткелдерінің жарықтануын реттеп, істен шыққан көше шамдарын уақыт созбай ауыстыруды тапсырды. Жұмысқа салғырт қараған мердігерлермен келісімшарт үзіліп, заң аясында ең қатаң шаралар қолданылатыны да қатаң ескертілді.




