ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЫҚПАЛЫ ҺӘМ ӨРІСІ КЕҢЕЙГЕН ӨНДІРІС

Еліміздің машина жасау саласы соңғы жылдары соны серпінмен өркендеп, отандық өнеркәсіптің алдыңғы шебінен көріне бастады. Толайым табысы мен жүйелі жоспары тоғысқан бұл сала енді цифрлық жүйеге шын мәнінде иек артып отыр. Жуырда ғана Үкімет отырысында баяндалғандай, Қазақстанда шығарылатын көліктер желісі мейлінше кеңейіп, өндіріс ошақтарына жасанды интеллект технологиялары белсенді енгізіле басталмақ.

Автозауыттардағы қауіпсіздік пен жұмыс ырғағын жедел басқару мақсатында жасанды интеллектке негізделген арнайы орталық іске қосылды. Бейнекамералар мен датчиктерден, сан түрлі ақпараттық жүйелерден үздіксіз ағылған деректі лезде талдап, ықтимал тәуекелдер мен төтенше жағдайларды дер кезінде анықтайтын бұл интеллектуалды платформа зауыт тынысын бір орталықтан қадағалауға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда елімізде жеңіл және жүк көліктерін, автобустар мен арнайы техникаларды құрастыратын 11 ірі кәсіпорын абыроймен еңбек етіп жатыр. Өткен жылдың өзінде саладағы инвестиция көлемі 346 миллиард теңгеден асып, «KIA Qazaqstan» мен «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» сияқты заманауи зауыттар өндіріс көрігін қыздыра түсті. Ал алдағы 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық автокөлік өндірісін бұдан да бетер ұлғайту көзделген. Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына жасаған сапары да бұл салаға елеулі серпін берді. Келіссөздер нәтижесінде «Li Auto», «OMODA» және «JAECOO» маркалы танымал көліктерді өзімізде шығару, сондай-ақ «SITRAK» пилотсыз жүк тартқыштарын өндіру жөнінде маңызды уағдаластықтар жасалды. Бұған қоса, «BYD» компаниясымен бірлесе отырып, жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту ісі қолға алынып жатыр. Ең бастысы, отандық қамту үлесін арттыру мақсатында автокомпоненттер өндірісін дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл қадамдар елімізді өңірлік автоиндустрияның көшбасшысына айналдырары сөзсіз.