МЕДИЦИНА ҰЙЫМДАРЫНДА ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛУДЕ

Инсульт – қас-қағым сәтте адам өмірін тас-талқан ететін қауіпті дерт. Осы орайда, Шымкенттегі медициналық ұйымдарға CEREBRA жасанды интеллект жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп, ауруды ерте сатысында анықтау үрдісі жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Жақында бұл заманауи технология қалалық №1 клиникалық ауруханада іске қосылып, ақ халатты абзал жандардың жұмысын жеңілдетіп, науқастардың дертіне шипа табу жолындағы сенімді көмекшісіне айналды.
Медицинада инсульт – бұл аса қауіпті ауру. Мұнда әрбір минут маңызды рөл ойнайды. Осы орайда, CEREBRA жүйесінің атқаратын қызметі орасан. Ол компьютерлік томография (КТ) нәтижелерін автоматты түрде талдап, ишемиялық және геморрагиялық инсульттің алғашқы нышандарын көзді ашып-жұмғанша анықтап береді. Осылайша, диагностиканың дәлдігі мен жылдамдығы еселеп артып, науқасқа дер кезінде шұғыл көмек көрсетуге жол ашылады. Дер кезінде қойылған диагноз – емнің нәтижелілігінің кепілі. Бұл өз кезегінде мидың зақымдануын азайтып, ауыр асқынулардың алдын алуға және ең бастысы, адам өмірін арашалап қалуға мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, CEREBRA дәрігерді алмастырмайды, керісінше, оның көмекшісі болады. Соңғы диагнозды қою, емдеудің оңтайлы тактикасын таңдау – әрдайым білікті маманның құзырындағы іс. Ал жасанды интеллект күрделі клиникалық жағдайларда дәрігерге бағыт-бағдар беріп, шешім қабылдау үдерісін оңтайландырады. Бұл медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін арттыруға серпін береді. Айта кетерлігі, бұл – Шымкент медицинасындағы ауқымды цифрландырудың бір бөлігі ғана. Бұған дейін CEREBRA жүйесі қалалық №2 ауруханада сынақтан сәтті өтіп, өз тиімділігін дәлелдеген болатын. Осылайша, мегаполистегі емдеу мекемелері жаңашылдыққа бет бұрып, тұрғындарға сапалы әрі жедел медициналық көмек көрсетудің мүмкіндігі кеңейіп келеді.




