АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ 62,1 ПАЙЫЗЫ СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Салауатты өмір салты – ұлт саулығының басты темірқазығы. Бүгінде ауылдық жерлерде спорттың тамырына қан жүгіріп, бұқаралық дене спорттың жаңа тынысы ашылып келеді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл тұрғындарының 62,1 пайызы қажетті спорт инфрақұрылымымен толық қамтылған. Бұл – қалалық деңгейден де асып түсетін, көңіл қуантарлық көрсеткіш.

Қазіргі уақытта еліміз бойынша жалпы саны 26 518 спорт нысаны халық игілігі үшін аянбай қызмет етіп тұр. Десе де бұл жетістікпен тоқтап қалуға болмайды. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде доп додалары өтетін зәулім ареналар бой көтеруде. Еліміздегі жұмыс істеп тұрған 30 ірі стадионның қатарын толықтыру мақсатында тағы 15 жаңа аренаның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шымкент және Семей сияқты ірі шаһарларда заманауи стадиондардың іргетасы қалануда. Бұл алып нысандар 2028–2029 жылдарға қарай пайдалануға беріліп, жанкүйерлер мен спортшылардың зор қуанышына айналмақ.
Бұл ретте басты назардың ауылдық аймақтарға аударылуы – мемлекеттің қарапайым халыққа деген шынайы қамқорлығының көрінісі. Мәселен, 2024 жылы ел игілігіне берілген 90 спорт нысанының 61-і ауылдық жерде бой көтерсе, 2025 жылы ашылған 147 нысанның 107-сі тура осы ауылдық елді мекендердің үлесіне тиген. Биыл да бұл қарқын бәсеңдемейді, тағы 121 спорт ошағы ашылады деп күтілуде. Оның үстіне, 2026–2028 жылдарға арналған спорт инфрақұрылымын дамытудың жаңа жол картасы аясында қолға алынатын 86 инвестициялық жобаның 56-сы тікелей ауылдық аймақтарда жүзеге асырылмақ. Бұл – ауыл баласының да қала өрендеріндей заманауи залда жаттығып, чемпиондық биікке ұмтылуына жасалған кең мүмкіндік.
Спорттың төресі саналатын былғары доп бәсекесі де бүгінде бүлдіршіндер арасында кеңінен қанат жайып келеді. Балалар мен бұқаралық футболды дамыту мақсатында өткен жылы республика бойынша 520 жаңа футбол алаңы пайдалануға берілсе, соның 378-і ауыл балаларының игілігіне айналды. Сырты жылтыр, іші бос емес, мүмкіндігі кең бұл жобалардың барлығы қарапайым бұқараның спортпен тұрақты айналысуына, ұлт саулығының нығаюына және болашақ Олимпиада чемпиондарының дәл осы ауыл топырағынан түлеп ұшуына даңғыл жол ашып отыр.