ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Маусым айының аптабы басталғанда оңтүстік өңірдегі шөптің күйіп, даланың қурауы — заңдылық. Дәл осы кезеңде кішкентай ұшқынның өзі үлкен апатқа ұласып, жасыл желек пен егістік алқаптарын күлге айналдыру қаупі жоғарылайды. Биыл Түркістан облысында орман мен дала өрттерінің алдын алу жұмыстары жай ғана кезекші шара емес, өңірлік қауіпсіздіктің басты құралы ретінде қолға алынды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісіндегі есеп-қисаптар мен талқыланған мәселелер аймақтың биылғы жазғы сынға ерекше дайындықпен келгенін көрсетті. Әсіресе, мамыр айының соңында өткен «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті күштердің практикалық іс-қимылын шыңдап, ширатқан маңызды қадам болды.

Өртпен күрестің ең тиімді жолы — оның алдын алу, яғни табиғи кедергілер жасау. Осы ретте өңірде жалпы ұзындығы 9 602 шақырымнан асатын минералданған жолақтарды жүргізу жоспарланып, оның бірінші кезеңі жүз пайызға орындалды. Бұл — дала кезген тілсіз жаудың жолын кесетін ең басты қорғаныс шебі. Дегенмен облыс басшысы бұл көрсеткіштерге мастанып отыруға болмайтынын, минералданған жолақтардың сапасын тұрақты бақылауда ұстап, техника мен жанар-жағармай қорын әрдайым сақадай сай ету керектігін қатаң тапсырды. Тәртіпке бағынбағандарға да шара қолданылуда. Өрт қауіпті маусымы басталғалы бері ереже бұзғандарға қатысты 95 әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл — салғырттық пен жауапсыздыққа жол берілмейтінінің нақты белгісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бағдат Чайзаданың мәліметінше, тілсіз жаумен бетпе-бет келуге 340 маман мен 70 бірлік техника және арнайы тікұшақ бөлінген. Тіпті әуеден су шашу үшін өңірде 10 арнайы су алу орны белгіленіп, 12 орман шаруашылығы мекемесі жоғары дайындық режиміне көшірілді. Ең қуантарлығы — шалғай ауылдарды қорғауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының жеміс бере бастауы. 2025 жылдан бері ашылған 10 өрт сөндіру пункті бүгіннің өзінде 25 өрт пен жану оқиғасын дер кезінде ауыздықтап, үлкен шығындардың алдын алды. Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Санжар Бурлибаев та маусымдық бекеттердің санын арттыруды көздеп отыр: жоспарланған 37 бекеттің 33-і қазірдің өзінде жұмысқа кірісіп кеткен.
Жаз басталғалы өңірде бірде-бір орман өртінің тіркелмеуі — осы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бүгінде «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінде өртті ерте анықтайтын заманауи интеллектуалды жүйелер орнатылуда, бұл адам факторына қарамастан апатты алдын ала сезуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, материалдық база да айтарлықтай қомақты. Орман қоры аумағында 39 өрт сөндіру машинасы, ондаған тракторлар мен патрульдік көліктер, мың жарымнан астам өрт сөндіргіш құралдар сақадай сай тұр. Ал кәсіби мамандар жетпейтін елді мекендерде 2,5 мыңнан астам ерікті азаматтардан тұратын 14 құрылым жасақталған. Түркістан облысының бұл тәжірибесі табиғат байлығын сақтау тек техниканың емес, заманауи технология мен бүкіл халықтық жұмылдырудың бірлігінде екенін дәлелдеп отыр.